- Негізгі бет
- Сымбат
- Биік өкше қауіпті...
Биік өкше қауіпті ме?
Дәрігерлердің айтуы бойынша, адамның табаны мен омыртқасы 23 жасқа дейін өсіп, жетіліледі. Осы жасқа дейін биік өкше мен біз өшелі аяқ киімді қолдануда өте абай болуды ұсынады.
Өкшесі биік және тар аяқ киімді көп кигенде аяқтың алдыңғы бөлігіне күш түсіп, башпайлардың (аяқ саусақтары) қисаюына алып келеді. Биік өкшені жақсы көретіндерде плантарлық фасциит жиі кездеседі, ол – табан сүйегінің үлкеюі. Үнемі киілетін биік өкшенің әсерінен уақыт өте келе аяқтың ахилл сіңірі өз қалыбынан өзгеріп, жайтабан аяқ киіммен жүру мүмкін емес болып қалады. Бұл жағдай тек ота жасау арқылы ғана емделеді. Сонымен қатар, өкше биіктеген сайын омыртқаға түсетін күш те арта береді. Биік (8 см-ден жоғары) өкшелі аяқ киімді ұзақ уақыт киюдің әсерінен омыртқааралық жарық (омыртқа арасында ет өсу, грыжа), бел аурулары, буындардың жылжуы, сіңір созылу сияқты аурулар жиі ұшырайды. Сколиоз (омыртқаның бір бүйірге қисаюы) бар адамдарға биік өкше киюге болмайды, қауіпті. Сондықтан биік өкше кигенде аяғыңыз талып, ауыра бастаса, денсаулығыңызды ойлағаныңыз дұрыс.
Егер сіз күні бойы биік өкшелі аяқ киіммен жүріп, кешке не ұйықтар алдында аяғыңыздың сіңірі тартылып (сирек әрі жәй ғана болса да), ісіп, ауырсынулар болса, варикоздың (аяқ қан тамырларының кеңеюі) алғашқы белгілері болуы мүмкін. Күні бойы аяғыңыздан тік тұратын не көп шапқылайтын жұмыста істесеңіз, сізде варикоз ауруларын асқындырып алу қаупі бар. Ал биік және тар аяқ киім қан тамырларына қысым түсіреді.
Табанның қалыпты жағдайын сақтайтын биіктік – 3-4 см. Аяғыңыз ісіп, аяқ саусақтарыңыз талып, сіңір тартылып, аяқ жиі ұйып, табан мен аяқ терісі қажалса, сізге биік өкшеден уақытша алыстай тұру керек. Болмаса, биіктігі орташа аяқ киімге ауысқаныңыз жөн.
Дәрігерлер биік өкшені күніне 3-4 сағаттан артық кимеуге кеңес береді. Сондықтан жұмыс орныңызға ауыстыратын артық аяқ киім апарып қойыңыз. Аяғыңызды жиі демалдырып тұрыңыз. Аяқ киіміңізді шешіп, аяғыңызга кішігірім жаттығулар жасап жүріңіз: аяғыңыздың басын алға, артқа қимылдатып, сағат тілімен айналдырыңыз. Бірнеше рет қайталасаңыз, аяғыңыздың шаршағаны басылып, қан айналымы жақсарып қалады. Тым биік өкшелі туфлиіңізге ортопедиялық ұлтарақ салып киіңіз. Аяқ киімге арналған арнайы силикон жабыстырмалар мен жастықшаларды да қолдануға болады. Олар аяқты қажалудан сақтап қана қоймай, табанға күш түспеуіне ықпал етеді.
Биік өкше мүсінді тіктеп, сұңғақ бойлы қылып көрсетсе де, көп кимеуге тырысыңыз. Өзіңізді күтіңіз!
Дереккөз: aikarakoz.kz
Г. Берік