- Негізгі бет
- Сымбат
- Безеуді емдеуде жіберілетін...
Безеуді емдеуде жіберілетін 5 қателік
Безеу – кең тараған тері ауруларының бірі. Онымен көбіне жастар қиналады. Қазір безеумен күресуге арналған түрлі құралдар бар, алайда терінің сауығуы және қалпына келуі барынша тиімді болуы үшін кей зиянды әдеттерден арылу керек. Безеуді емдеуде көпішілік жіберетін қателіктерді ұсынамыз.
1. Рационыңызды өзгертпейсіз
Сапалы және пайдалы өнімдер – сау дене кепілі. Безеуді емдеуде тағамдық әдеттерді өзгерту керек. Әсіресе, бірінше кезекте көмірсулар мен қаныққан майлар мөлшерін азайту керек. Имммунды және асқорыту жүйелерінің жұмысын реттеу үшін өз рационыңызға антиоксиданттарды, пайдалы заттар мен жасұнықтарды көбірек қосу қажет. Олар бөртпемен күресуге көмектеседі. Көкөністер мен жемістер мөлшерін арттырыңыз және көк шайға немесе шөптерден дайындалған шайларға көшіңіз. Балық, зығыр дәндері, брокколи омега-3 майлы қышқылдарына бай. Алайда аллергияңыз бар өнімдерден аулақ болыңыз.
2. Безеуді сығасыз
Безеуді сығуға және ұстай беруге болмайды. Ол қабынудың бүкіл бетке тарауына ықпал етеді. Тіпті, дезинфекцияланған және таза құралдардың өзі зиянды бактерияларды ашық тері тесіктеріне кіргізіп жібермеуіңізге кепіл бермейді.
3. SPF-құрал қолданбайсыз
SPF-құралды тек жазда емес, жылдың барлық мерзімінде қолдану керек. Себебі ультракүлгін сәулелер терімен бұлтты күні де әсерлеседі. Күннің әсерінен безеу белсенді тарайды, ал ыстық теріні одан сайын тітіркендіреді. Сондықтан безеумен жиі қиналатын адамдар міндетті түрде SPF-құрал қолданып жүруі керек.
SPF-құралдар жайлы 5 жалған дерек
4. Теріні қабыршақтандырмайсыз
Қабыршақтандыру – тері күтіміндегі маңызды кезең. Ол өлген тері жасушаларынан арылуға көмектеседі. Әйтпесе, өлген жасушалар емдік құралдың тері қабатына енуіне кедергі жасайды. Проблемалық теріге ерекше күтім керек. Сондықтан да қатты скрабтар безеуі бар адамдарға келмейді. Оның орнына жұмсақ скраб немесе құрамында AHA, BHA қышқылдары бар пилинг қолданып көріңіз. Алайда скраб пен пилингті көп жасау да зиян: оны 1-2 аптада бір рет жасау жеткілікті.
5. Теріні көп тазалайсыз
Бетті жуатын құралдар керек, бірақ оларды шектен тыс қолдануға болмайды. Бетті тазартушы құралдармен жиі жуу терінің құрғап кетуіне әкеледі және табиғи қорғаныш қабатты бұзады. Бұл жағдайда тері майы-себум көп бөлініп, безеудің көбейіп кетуіне ықпал етеді.
А. Жапатова