Безеу – адамның терісіне шығатын бөртпе. Одан құтылу үшін көп адамдар бас қатыратыны жасырын емес. Әсіресе бет бөлігіне шыққан безеулерді көпшілігіміз жылдам сығып тастауға бейім келеміз. Бірақ беттің кей бөлігіндегі безеулерді мүлде сығуға болмайды екен.
Безеудің жас кезде шығатын және ересек шақта шығатын қызғылтым түрі болады. Баланың жас кезінде шығатын безеулер ішкі секреция бездері қызметінің бұзылуынан орын алады. Осы кезде балалар оны сығып тастап жатады. Безеу сығып құртқаннан жазылмайды. Қайта өршіп көбейіп кетеді. Сыққаннан кейін бетте дақ та қалады. Безеуді тек дәрігердің нұсқауымен емдеу керек.
Дерматолог мамандар безеуді сығуға мүлде қарсы. Десе де безеу шыққанда сықпау керек екенін ұмытып кететініміз рас. Жақында дәрігер-зерттеушілер беттің кей бөлігіндегі безеулерді мүлде сығуға болмайтыны туралы хабарлады.
Дәрігер-зерттеушілердің айтуы бойынша көз айналасына, мұрынның үстіңгі бөлігіне, еріннің үсті мен ерін бұрышына, әсіресе кеңсірікке (мұрынның екі көз аралығындағы қыры) шыққан безеулерді мүлде сығуға болмайды екен. Себебі аталған бет бөліктерінде үлкен жүйке жүйесі мен миға баратын қантамырлар орналасқан. Егер ондағы безеулерді сыққанда қандай да бір жұқпа (инфекция) түсетін болса, денсаулыққа айтарлықтай зиян келтіруі бек мүмкін.
Айта кетейік, безеуі бар адамға көп майлы ет жеуге болмайды. Қантты, балды, тағы басқа тәтті тағамдарды аз тұтынғаны абзал. Көбінесе, көкөніс, сүттен жасалған тағамдар жегені дұрыс. Ұйқысын қандырып, таза ауада серуендеп, спортпен шұғылдануы тиіс.