Теріні қалыпқа келтіру аса қиын емес. Ең бастысы бетті жақсылап тазартып алу керек. Ұсақ тесіктер лас болса, бетке безеу, бөрту, қара нүктелер шығып кетеді.
Ұсақ тесіктерді тазарту үшін:
- мейлінше жиі пилинг жасап тұрыңыз. Ол ұсақ тесіктерді тазартып, қан жүруді жақсартады.
- ыстық сумен жуынбаңыз, теріні буламаңыз;
- макияжды жақсылап сүртіңіз;
- безеуді сықпаңыз;
- тазарту әдісін (лифтинг, пилинг, т.б.) қолданған соң міндетті түрде тазартатын лосьонды пайдаланыңыз. Құрамында мырыш оксиді бар тоник теріні тыныштандырып, ұсақ тесіктерді тарылтады;
- аптасына бірнеше рет бетті мұзбен сүртіп тұрыңыз. Ол теріні сергітіп, ұсақ тесіктерді қалыпқа келтіреді.
Ұсақ тесіктерді тарылту үшін:
1. Ақ саздан (глина) маска жасаңыз. Сазды қалың ботқа қалпына дейін сумен араластырыңыз. Масканы жаққан соң су бүркеп, құрғатпауға тырысыңыз. 15 минуттан кейін жуып тастаңыз.
2. Жемістің табиғи қышқылын пайдаланыңыз. Құлпынай, жүзім, жұмыртқа ағы мен лимон шырынын араластырып, маска дайындаңыз.
3. Бетке арналған қоспаларға кофе, лимон, орман жаңғағы, қара зире эфир майын қосыңыз. Сонда теріңіздің ісінгені басылады.