- Негізгі бет
- Сымбат
- Беттегі шаршаңқылықты қалай...
Беттегі шаршаңқылықты қалай жасырамыз?
Шаршау – көпшілікке таныс жағдай. Шаршағандық жиі ұйқысыз түннен соң, үзіліссіз жұмыс кестесінен кейін немесе тынымсыз күннің салдарынан пайда болады. Адамның шаршағандығы бірден түрінен көрініп тұрады. Ендеше, оны жасырудың жолдарын ұсынамыз.
1-әдіс. Дененің және беттің бұлшықеттерін оятып, қалпына келтіру үшін таңертең ұйқыдан тұрған кезде кереуеттің шетіне жатып, басыңызды төмен шалқайтыңыз. Басыңызға қан құйылып жатқанын сезген кезде орныңыздан жайлап тұрыңыз. Алайда басыңызды төмен салбыратып ұзақ жатпаңыз.
2-әдіс. Ағзадағы қан айналымды және бет түсін қалпына келтіруге душ қабылдау көмектеседі. Душқа ұйқыдан тұрған кезде түсіңіз. Ыстық су мен суық суды кезек қосыңыз.
3-әдіс. Бетіңізді мұз текшелерімен сүртіңіз. Ол терінің тонуста болуына көмектеседі.
Тері сұлулығына арналған мұз текшелері
4-әдіс. Көз астының қараюын кетіруге кофе көмектеседі. Мақтаны суыған кофеге сулаңыз, содан соң оны көздің астына қойып, бірнеше минут ұстаңыз. Кофе көздің ісуін және қараюын азайтады. Сол секілді көз астына суық қасық немесе тоңазытқышта тұрған қияр бөліктерін басуға болады. Мысалы, жуынуға кірмес бұрын екі қасықты мұздатқышқа салып кетіңіз. Жуынып шыққан соң суық қасықтарды екі көзіңізге бірнеше минутқа басыңыз.
5-әдіс. Шаршаған бетті жылдам қалпына келтіруге шашты жоғары жинау көмектеседі. Шашты жоғары буған кезде бет терісі тартылады.
6-әдіс. Шаршаңқы көзді бояумен жасыруға болады. Көздің үстіне қою бояу жағып, көздің астын ақ қарындашпен сызыңыз. Қанық қызыл және қанық алқызыл ерін далабын қолданбаған жөн, олар шаршаған бетке зейін аудартады.
7-әдіс. Теріні ылғалдандыру үшін күніне 1,5-2 л су ішу керек. Шаршағандықты бетке қабат-қабат опа жағып жасыра алмайсыз. Ол кері әсерін беруі мүмкін. Оның орнына су ішуді әдетке айналдырыңыз.
8-әдіс. Көзге жылтыр бояу қолданбаңыз. Оның орнына көбірек тушь жағуға болады. Сол кезде ол көзді үлкейтіп көрсетеді. Сонымен қатар, түрлі әшекей тағуға болады. Себебі олар зейінді өздеріне аудартады және түріңізге балғындық сыйлайды.
А. Жапатова