Бетке үй жағдайында күтім жасауды үйренейік

Бетіміздің терісін үнемі тазартып, қажет заттармен қоректендірсек, қартайған шағымызда да жас болып көріне аламыз. Ол үшін кремдер мен тониктерді жиі пайдалану қажет. Араға уақыт салып арнайы рәсімдер жасаған да жөн. Бұл арнайы рәсімдер қара дақтар мен безеуден құтылуға көмектеседі. Олай болса, кезекті материалымызда үй жағдайында бет терісін тазарту тәсілдерін қарастырайық.

Есіңізде болсын: кез келген косметикалық рәсім таза бетке жасалады. Сондықтан, ең алдымен, бетті жақсылап тазартамыз. Ол үшін бетті сабындап жуып, тоникпен сүртеміз. Тоник бетке сіңген соң пилинг жасаймыз. Пилингті үй жағдайында да дайындауға болады.

Жұмыртқа ақуызы мен лимон шырынынан жасалған пилинг

1 жұмыртқаның ақуызының үстіне 3-4 тамшы лимон шырынын тамызамыз. Бұл маска майлы теріге өте пайдалы. Беттегі майда тесіктерді тарылтады.

Бал мен йогурттен жасалған пилинг

 

2 қасық бал мен 2 қасық йогуртты араластырамыз. Йогурт құрамындағы сүт қышқылы беттегі өлі жасушалардан арылуға көмектеседі. Ал бал жұмсартады.

«Скраб» сөзін пайдаланбағанымызды байқаған шығарсыз. Ол теріге кері әсерін тигізетіндіктен, тазартудың барынша жұмсақ болғаны жақсы. Енді тазартудың екінші жолын қарастырайық.

Бетті буландыру арқылы терідегі ұсақ тесіктерді кеңейту

Косметолог мамандар түймедақтың теріге тигізер пайдасы туралы жиі айтады. Олардың сөзіне құлақ асып, бетімізді 20 минут шөп буымен буландырайық. Ұсақ тесіктер ашыла түссін десек, басымызға орамал жауып алғанымыз жөн.

Дезинфекция

Тері тазарту рәсімін бастамас бұрын 3%-дық сутек тотығымен теріңізді дезинфекциялаңыз. Іске кіріспес бұрын қолды спиртпен тазалап алған жөн. Кейбір әйелдер қолын да, бетін де спирттің көмегімен дезинфекциялайды. Спирт теріні қатты құрғатып жіберетіндіктен, бұлай жасамағаныңыз жөн.