Егер сізде балдан аллергия болмаса, қант диабеті және гипертония ауруынан зардап шекпесеңіз, мына бір табиғи өнімді бет терісі күтіміне еш қорықпастан пайдалана беруіңізге болады.
Балдың бойында жұмсартқыш, сергіткіш, антибактериялы, тазалағыш, қабынуға қарсы, жасартқыш қасиеттері бар. Оны салондарда әртүрлі рәсімдерге, мысалы, пилинг, массаж үшін қолданады. Қабынған, құрғаған, солған терілер үшін, безеу, бөртпе, саңылауларға қарсы кеңес беріп жатады. Ал үй жағдайында бал негізінде және басқа да табиғи компоненттердің қатысуымен жасалған төмендегідей маскаларды жасап көріңіз.
Күрделі әрі майлы бет терісіне арналған бал маскасы
Бір ас қасық балды екі ас қасық қою қара қайнатылған шәймен араластырып, бір шәй қасық лимон шырынын қосасыз. Бетке жаққаннан кейін 10 минутқа қалдырып, дымқыл мақта дөңгелегімен сүртіңіз де, суық сумен шайыңыз. Бұл масканы сұлы ұнымен бірге жасауға да болады.
Майлы ғана емес әртүрлі терілерге арналған ұқсас маска: бір жұмырқаның ағына екі шәй қасық бал, 1 ас қасық сұлы немесе бидай ұны, 1 шәй қасық лимон шырыны қосылады. Жақсылап араластып бетке жағыңыз да, 10-12 минуттан кейін жылы сумен жуып тастаңыз.
Жеке тәжірибеден өткізілген маска: аспирин таблеткаларының бірнешеуін ұнтақтап, балға араластырыңыз. Көзге тигізбестен бетке жағыңыз да, 10 минутқа қалдырыңыз. Теріңіз жаңарып, қызарған дақтар жоғалып кетеді.
Құрғақ, бос, қартайған теріге арналған бал маскасы
2 шәй қасық балды 1 ас қасық майлы емес сүзбемен араластырыңыз да, бірнеше тамшы лимон шырынын, 2 ас қасық сүт қосыңыз. Әбден езгеннен кейін бетке жағып, 10-15 қалдырыңыз. Жылы сумен жуу керек.
Барлық теріге арналған тазартқыш маска
Түймедақ гүлі мен жөке гүлін 1 шәй қасықтан алып, әбден үгітіңіз. Содан кейін 1 стақан қайнаған су құйып, 7-8 минут қайнатыңыз да, жақсылап қақпақпен жауып, 30-40 минутқа қалдырып қойыңыз. Екінші жағынан жарты ас қасық бал мен 1 ас қасық сұлы ұнынан қоспа жасап, әлгі тұнбамен араластырыңыз. Крем секілді қою болсын. Оны бетке жағып, 10-15 минуттан кейін дымқыл мақта дөңгелегімен сүртіп, суық сумен жуыныңыз.
Бет бөртпелеріне арналған бал маскасы
Қиярды үккішпен ұсақ етіп өткізіңіз. Одан 3 ас қасық алып, жарты стақан қайнаған суға салыңыз да, қақпағын жақсылап жауып, суығанша қалдырып қойыңыз. Біршама уақыттан кейін екі шәй қасық балды қосасыз. Жақсылап аралстырғаннан кейін дайын болған қоспаны бөртпелі жерлерге жағасыз да, 15-20 минуттан кейін салқын сумен жуып тастайсыз.
Дайындаған: Айгерім Сматуллаева
Сурет: cosmetology-info.ru, blondnotes.ru