- Негізгі бет
- Сымбат
- Бет терісіне қандай...
Бет терісіне қандай маска қолданып жүрсіз?
Тазартушы, түнгі, қоректік, мата, гидрогельді — заманауи маскалардың түрлері жаңылдырып жібере алады. Әр масканың өз ерекшелігі бар. Кең тараған маска түрлері мен оларды қолдану ерекшеліктерін ұсынамыз.
Қабыршақты маскалар
Олар жиі теріні тазарту үшін қолданылады. Олар өлген тері қабатынан арылтады, реңкті тегістейді және теріні жарқыратады. Қабыршақты масканы маңызды шараға дайындалу кезінде немесе таңертең қолдану ыңғайлы. Қабыршақты масканы теріге жұқа етіп жағып, оның кепкенін күтіңіз. Содан соң төменнен жоғарыға қарай алыңыз. Бұл маңызды! Әйтпесе, теріні созып алуыңыз және әжімдердің пайда болуын ынталандыруыңыз мүмкін. Бұл маскадан кейін жуынудың қажеті жоқ. Теріні тоникпен сүрту жеткілікті. Содан кейін келесі күтім кезеңіне көше беріңіз.
Кремді және гельді маскалар
Кремді және гельді маскалардың, әдетте, қоректік, түнгі және душқа арналған түрлері болады.
Қоректік түрі теріні пайдалы ингредиенттермен қанықтырады. Мұндай маскалардың жуып тастайтын және жумауға болатын түрлері кездеседі. Мұндай маскалардың құрамында жиі Е дәрумені, ниацинамид немесе бал болады. Мұндай маскаларды аптасына 1 реттен артық қолданбаған жөн.
Түнгі маскалардың құрамында белсенді заттар көп келеді. Олар қарапайым ылғалдандырушы құралдарға қарағанда күштірек және тиімдірек әсер етеді. Түнгі маскаларды аптасына 2-3 рет қолдануға болады: бұл жағдайда түнгі крем жағудың қажеті жоқ. Түнгі маскалардың өзі ылғалдандырушы, қоректік, көп қызметті, түссіздендіретін және тыныштандыратын деп бөлінеді. Түнде тері демалады деген пікір бар. Бірақ негізінде ол үздіксіз жұмыс істейді. Түнде тері құрғақтық пен қоректің жетіспеуін қатты сезеді. Түнгі маска теріні ұйқы кезіндегі жайсыздықтан арылтады. Бірақ барлық түнгі күтімді ұйықтарға 1-2 сағат қалғанда жасаған дұрыс. Әйтпесе, барлық құрал жастыққа жұғады немесе таңертең бетіңіз ісіп тұрады.
Жылы мерзімде гельді текстурадағы ылғалдандырушы және тыныштандырушы маскаларға мән беріңіз. Олар теріні ауырлатпайды және салқындатады. Жазда тері күнге сезімтал бола түсетіндіктен, оған тыныштандырушы әсер өте қажет. Пробиотиктері, пантенолы немесе центелласы бар маскаларға мән беріңіз.
Душқа түсу кезінде жағылатын маскалардың пайда болғанына көп болған жоқ. Корей брндтері суға түскеннен кейін тері тартылып тұрмас үшін душқа арналған жаңа маска түрін ойлап тапты. Мұндай құралдар уақытты үнемдейді және теріні жақсы ылғалдандырады.
Мата және гидрогельді маскалар
Бұл қосымша маскалар. Оларды сарысулар немесе эмульсиялардан кейін, кремнің алдында қолданады. Оларды сарысулардың орнына қолдануға да болады, бірақ екеуін де қолданған тиімдірек нәтиже береді. Тіпті, егер мата маска құрамында ниацинамид немесе ретинол секілді белсенді заттар болса да, олардың шоғыры сарысудағыға қарағанда айтарлықтай төмен келеді.
Мата маскаларды күнде қолдануға болады. Егер жай теріні ылғалдандыру керек болса, оның кез келген түрін таңдай беріңіз. Бірақ қандай да бір нақты әсерді қаласаңыз, мамандар оның бір түрін біраз уақыт бойы, яғни курспен қолдануды ұсынады. Мысалы, безеу немесе дақ секілді проблемаңыз болса, соған арналған бір брендтің маскасын 7-10 күн қолданыңыз. Мата масканың толықтай кебуін күтудің қажеті жоқ, оны бетте 15-20 минут шамасында ұстау жеткілікті.
Жаз мезгілінде гидрогельді маскаларға мән беріңіз. Оны жағар алдында тоңазытқышқа 20-30 минутқа салып алсаңыз болады. Суық маска ісінуді жақсы басады, теріні тыныштандырады және балғын түр сыйлайды. Масканы салқындату жайлы көпшілік естіп жүр. Бірақ кәріс әйелдер мата масканы қолданар алдында оны қыздыратынын бірі естісе, бірі естімеген болар. Жылы маска ұсақ тесіктердің ашылуына ықпал етеді. Сол кезде маска жақсы сіңеді. Ол үшін масканы ашпай жатырып, оны ағып тұрған ыстық судың астында кішкене ұстаңыз.
Балшық маскалар
Балшық маскалар терідегі ұсақ тесіктерді жақсы тазартады және тері реңкін тегістейді. Оларды күнде жасауға болмайды: суық мерзімде аптасына 1 рет жеткілікті, ал жылы мерзімде аптасына 2 рет жасауға болады. Балшық маскаларды теріде ұзақ ұстауға болмайды. Балшықтың кебе бастағанын сезе бастағанда масканы жуып тастаңыз. Себебі балшық теріні құрғатып жіберуі мүмкін.
А. Жапатова