Қарапайым ингредиенттердің өзі тері күтіміне арналған косметикалық құралдың (скраб) құрауыштары бола алады. Бет терісін таза әрі балғын ететін табиғи өнімдерді ұсынамыз.
1. Ас содасы теріні терең тазартып, безеу шығуға себеп болатын бактерияларды өлтіреді. Ол үшін аздап ас содасын алып, оған қоймалжың болатындай етіп су құйыңыз. Пайда болған қоспаны бет терісіне жағып, саусақтарыңызбен уқалаңыз. Бірнеше минуттан соң суықтау сумен шайып тастаңыз.
2. Бал мен аздап тұзды араластырыңыз. Егер теріні терең тазарту керек болса, тұз мөлшерін көбірек алыңыз. Қоспаны бетіңізде бірнеше минут ұстап, жылы сумен шайып тастаңыз.
3. Ас қасықты ыстық болғанша оттың үстінде ұстап тұрыңыз. Содан соң оған үпілмәлік майын (касторовое масло) құйыңыз. Жылы майды бетіңізге жағып, қолыңызбен мұқият уқалаңыз. 5-7 минуттан соң бетіңізді ылғал майлықпен сүртіп тастаңыз. Үпілмәлік майы теріңізді тазартып қана қоймай, ұсақ әжімдерді тегістеуге көмектеседі.
4. Сұлы қауызы (овсяные хлопья) ісікті кетіріп, проблемалық теріні емдейді. Жарты стақан сұлы қауызына қайнаған су құйыңыз. Толықтай суығанша ұстаңыз. Содан соң оны бет терісіне жағып, бірнеше минуттан соң жылы сумен жуып тастаңыз.
5. Зәйтүн майы – терідегі ұсақ тесіктерді тазартуға арналған керемет құрал. Сонымен қатар, ол теріні жұмсақ әрі тегіс етеді. Алақаныңызға аздап май құйып алып, бет терісіне бірнеше минут массаж жасап, уқалаңыз. Сүлгі ылғал әрі жылы болғанша, оны будың үстінде ұстаңыз. Содан соң сүлгіні бетке қойып, суығанша ұстаңыз. Майдың қалғанын сүртіп тастаңыз. Бұл әдістен соң бетті жуудың және крем жағудың қажеті жоқ. Оны ұйықтар алдында жасаған жөн.