Адам ағзасындағы судың көлемі шамамен 80%. Сондықтан, бет терісінің үнемі ылғалдандыруды қажет етуі заңды құбылыс. Ылғалдың жетіспеуі терінің ерте қартаюына, әжімнің пайда болуына және бет терісінің қабыршықтануына әкеледі. Бүгінгі күні бет терісін ылғалдандырудың сан түрлі жолдары бар. Солардың ішінде ең қарапайым және әсері мол тәсілдің бірі – бет терісін ылғалдандыруға арналған маска.
Ылғалды тері тегіс, әдемі көрінеді. Сондықтан, бетіңіздің терісінің типіне қарамастан оны үнемі және сапалы түрде ылғалдандыру қажет. Заманауи косметология бет терісін ылғалдандырудың түрлі жолдарын ұсынады. Ол үшін косметолог мамандар альгинаттарды, коллаген, гиалурон қышқылын және хитозанды пайдаланады. Аталған заттар бет терісінің ылғалдылығын сақтаумен қатар, оның балғындығы мен әдемілігін қалпына келтіреді. Бет терісін ылғалдандыруға арналған масканы дайындау небары 10 минут уақытыңызды алады. Масканы дайындамас бұрын оның құрамындағы компоненттермен мұқият танысқан жөн. Мәселен, теріңізге аллергия туғызатын заттарды пайдаланбаңыз.
Ылғалдандыруға арналған қырыққабат пен ашытқыдан жасалған маска. Бұл масканы әзірлеу үшін сізге 2 ас қасық қырыққабат шырыны, 10 грамм ашытқы, жұмыртқа ақуызы қажет. Ашытқы мен қырыққабат шырынын араластырып, алынған қоспаны су моншасында жылығанша ұстаңыз. Жұмыртқаның ағын көпіршік пайда болғанша араластырыңыз. Ашытқы мен қырыққабат қоспасын бетіңізге жағып, 5 минуттан кейін үстінен кистімен араласқан ақуызды жағасыз. 20 минут өткеннен кейін бетіңізді алдымен жылы сумен, артынан суық сумен жуыңыз. Бұдан кейін бетіңізге ылғалдандыратын крем жаққаныңыз абзал. Мұндай маска түрін пайдалану теріңізді ылғалдандырып қана қоймайды, сонымен қатар, оның табиғи түсін қалпына келтіріп, бетіңіздің терісін таза әрі әдемі етіп көрсетуге септігін тигізеді.
Дайындаған: Гүлнұр Бақытбекова
Сурет: multi-lady.ru, inmoment.ru