Бет терісі күтімі: Лимон қосылған 6 маска

Лимонды дұрыс қолданса, ол терінің жарқырауына көмектеседі. Оны өзін таза күйінде, сумен немесе басқа да табиғи компоненттермен араластыру арқылы пайдалануға болады. Үйде дайындауға болатын лимон қосылған 6 масканың рецептін ұсынамыз.

Маска-пилинг

Бетті уақытылы тазарту керек. Терідегі қабыршақтанған жасушалар саны күн сайын өсе береді. Теріні тазартуға пилинг көмектеседі. Жас ұлғая келе тері түлеуінің табиғи процестері 30 есе баяулайды. Эпидермис қабаттары өсіп, бір-біріне қабаттана береді. Бет терісі қайтадан тыныс алуы үшін лимонмен пилинг жасауға болады. Лимонды сығып, дәнегі кетіп қалмас үшін шырынын ұсақ електен өткізіңіз. Онымен бетіңізді сүртіп, 20 минутқа қалдырыңыз. Содан соң жуып тастаңыз. Бұл маска-пилинг әртүрлі типті теріге және кез келген жастағы адамдарға келе береді.

Ұн қосылған ағартатын маска

Егер теріңіз дақтардың шығуына бейімді болса, лимон қосылған ағартушы маска күнделікті бет күтімінің бір бөлігіне айналуы қажет. Оны ұйықтар алдында жасаған дұрыс. Сізге 1 ас қасық жаңа сығылған лимон шырыны мен 1 шай қасық ұн қажет. Ингредиенттерді араластырып, қоспаны бетке қалың етіп жағыңыз. Оның сыртынан сүлгімен немесе тығыз матамен жауып қойыңыз. Масканы 20 минут шамасында ұстаңыз. Содан соң жуып тастаңыз.

Зәйтүн майы қосылған ағартатын маска

Жұмыртқа мен лимон шырыны үйлесімі жұмсақ ағартушы қасиетімен танымал. Бұл масканы майлы және құрғақ теріге қолдануға болады. Масканы дайындау үшін 1 ас қасық лимон шырыны мен 1 ас қасық зәйтүн майын араластырыңыз. Жұмыртқаның сарысын шанышқымен жақсылап араластырып, қоспаға құйыңыз. Масканы бетке жағып, 15 минут ұстаңыз.

Майлы теріге арналған тазартушы маска

Лимонның майлы теріге пайдасы бұрын дәлелденіп қойған. Ол беттегі инфекциялар көзімен күресіп, ұсақ тесіктерді тарылтуға көмектеседі. Лимон, бал және тұзды үйлестіріп, тиімді маска дайындауға болады. Ол үшін 1 шым шым тұзды, 1 шай қасық лимон шырынын және 0,5 шай қасық жылытылған балды араластырып, масканы бетке жағыңыз. Оны 20 минуттан соң жуып тастаңыз.

Сергітуші маска

Сергітуші масканы кез келген типті теріге жасауға болады. 1 ас қасық сұлы жармасына 2 шай қасық лимон шырынын және 1 ас қасық майсыз қаймақты қосып, барлығын жақсылап араластырыңыз. Масканы бетке жағып, ақырын массаж жасаңыз. Масканы 15 минуттан соң жуып тастаңыз.

Үй крем-маскасы

Лимон табиғи йогуртпен жақсы үйлеседі. Егер теріңіз майлы немесе аралас болса, майсыздандырылған йогурт, ал егер теріңіз құрғақ болса, майлы йогурт қолданыңыз. Маска дайындау үшін 2 ас қасық табиғи йогуртқа 1 шай қасық бал мен 1 шай қасық лимон шырынын қосыңыз. Қалауыңызға қарай ампуладағы Е дәруменін қосуға болады. Дайын кремді бет терісіне жағып, шамалыдан соң жуып тастаңыз. Мұндай кремді салқын жерде 3-4 күннен артық сақтауға болмайды.

Барлық процедураларды аптасына 1-2 рет қайталаңыз. Оларды 8-12 рет курспен орындасаңыз жақсы болады. Егер лимон бетіңізді күйдірсе, процедураны жалғастырмаңыз. Бұл үй маскаларынан соң теріге қарапайым ылғалдандырушы крем жаққан жөн.

Ескерту: Лимоны бар маскаларды терісі осы өнімге сезімтал адамдарға және терісінде ашық жара немесе қабынуы бар адамдарға қолдану ұсынылмайды.