Жаңа және түсініксіз термин сөздермен аталатын косметикалық бояуларды сатып алып, қандай жағдайда қолдану керектігін білмей жатамыз. Бет реңін келтіретін шиммер және бронзер ұғымы жөнінде біле жүріңіз.
Шиммер (shimmer) — теріге жұмбақ жылтыр эффект беретін құрал. Шиммер бетті ашық әрі айқын етіп жарқырататын ірі-ірі жылтырлардан тұрады. Әдетте, шиммерді беттің шығыңқы тұсына, маңдай ортасына, иекке, қастың астына қолданады. Ерінді үлкейтіп көрсету үшін еріннің үстіне және астына да жағуға болады. Күндізгі макияжда шиммерді жоғарыда айтып өткен бет бөліктерінің біріне, ал кешкісін екеуіне ғана жаққан жөн. Көп жағдайда шиммерді опа түрінде шығарады. Тональді негіздің үстіне немесе оның орнына қолданылады.
Бронзер (bronzer) — теріге күнге күйген тәрізді эффект беретін бояудың түрі. Күңгірт бронзер түрін беттің барлық жеріне қолдануға болады. Жылтыр түрлерін жаққа, мұрынға, иек ортасына және иыққа жаққан жөн. Бронзер опа түрінде, сұйық түрінде, крем түрінде де кездеседі.