- Негізгі бет
- Сымбат
- Бет пен дене...
Бет пен дене терісіне кешкі күтім жасаудың 7 ережесі
Кешкі уақыт — бет пен дене терісіне күтім жасауға жақсы уақыт. Біз ұйықтап жатқанда тері қарқынды қалпына келіп, күні бойы жиналған ластықтан арылады. Сондықтан бұл уақытта ол аса күтімді қажет етеді. Тері саулығы мен сұлулығын сақтау үшін кешкі істер қатарына қандай әдеттерді қосу керегін ұсынамыз.
Макияжды толық кетіріп, теріні тазартыңыз
Қаншалықты шаршап тұрсаңыз да, макияжбен ұйықтау — үлкен қателік. Егер таңертең теріңіз шаршаңқы және бос көрінгенін қаламасаңыз, ұйықтар алдында мұқият макияжды кетіру керек. Ол үшін сапалы құралдар қолданыңыз. Олардың арасында тазартатын гельдер немесе майлар, скрабтар және мицеллярлық су болуы керек. Жылы сумен жуынған дұрыс, себебі ол ластықты жақсы кетіреді және беттің нәзік терісін тітіркендірмейді.
Арнайы құрамы бар күтім құралдарын қолданыңыз
Түнгі және күндізгі күтім құралдарының құрамы әртүрлі. Мысалы, бетке арналған түнгі маскалар қарқынды ылғалдандыруға және эпидермистің жоғарғы қабатын қалпына келтіруге бағытталған. Бетке және денеге арналған түнгі құралдардың құрамында маңызды рөлді гиалурон қышқылы мен коллаген ойнайды. Бұл заттар ылғал жоғалуының алдын алады және тері жасушалары мен олардың иілгіштігінің қалпына келуіне ықпал етеді.
Бет пен дене терісіне түнгі кремдерді уақытылы жағыңыз
Теріні күтуді қаншалықты ерте бастасаңыз, соншалықты ол сау әрі тартымды көрінеді. Сарапшылардың ойынша, 20 жаста күнделікті істер қатарына түнгі кремдер мен маскалар жағуды қосу керек. Құралдарды тері типіне қарай таңдау маңызды.
Ұйықтар алдында қолға арналған крем пайдаланыңыз
Әйелдің жасын оның қол терісінің жағдайына қарап білуге болады. Сондықтан да қол терісіне түнгі күтім жасау аса маңызды. Төсегіңіздің қасындағы сөреге қолға арналған крем салып қойыңыз да, күнде ұйықтар алдында қолға крем жағуды әдетке айналдырыңыз. Креммен бірге тырнақ айналасына арналған май да жағуға болады. Қолға крем жаққан кезде шынтақты ұмытпаңыз.
Эфир майларын қолданыңыз
Табиғи эфир майлары фармацевтикалық дәрілерге жақсы және қауіпсіз балама бола алады. Егер ұйқысыздықпен қиналсаңыз немесе ұзақ ұйықтап кете алмасаңыз, жастыққа немесе білекке лаванда эфир майының бірнеше тамшысын тамызып жіберіңіз. Оның жағымды иісі тыныштандыратын және босаңсытатын әсерге ие.
Аяқ пен табан терісіне күтім жасаңыз
Аяқ терісін күту және табан гигиенасын сақтау маңызды. Табан үнемі құрғақ болуын бақылау керек. Ол үшін өлшемі дәл келетін сапалы аяқ киім таңдау керек. Аяқты жуумен қатар, оны ұйықтар алдында ылғалдандыру қажет. Сондықтан құрамында ылғалдандыратын табиғи майлары бар арнайы кремдер жағыңыз.
Бетке арналған түнгі маскалар қолданыңыз
Арнайы түнгі маскалардың құрамында белсенді заттар бар. Сондықтан да олар күндізгі маскаларға қарағанда бірден білінетін нәтиже береді. Ылғалдандырушы маскалар тері жасушаларын ылғалмен терең қанықтыруға бағытталған. Себебі түнде тері жылдам қылпына келеді, сол үшін де ол қосымша ылғалды қажет етеді. Қоректік маскалар құрамына жиі теріні қажетті элементтермен қанықтыратын түрлі табиғи майлар кіреді. Мамандар түнгі кремдерді аптасына 1-2 рет қолдану жеткілікті екенін айтады.