Қазір бет күтіміне арналған құралдың түр-түрі бар. Оларды қолдану ретін дұрыс сақтамаса, теріге әсері тиімді болмауы мүмкін.
Егер бет терісінде ешқандай проблема болмаса және көп сатылы күтімге енді көшіп жатсаңыз, бет жуатын гель, ылғалдандырушы крем және күннен қорғайтын құралдың өзі жеткілікті. Ал егер теріңіз құрғақ болса, күнделікті бет күтіміне қоректендіруші сарысу қосыңыз. Теріңізде бөртпе болса, безеуге қарсы тоник алыңыз. Бастысы — қажетті құралдарды асықпай, біртіндеп қосу. Бет күтімі құралдарын қолдану реттілігін ұсынамыз.
Тазартатын құралдар
Бет тазартатын құралды күніне екі рет қолдану керек. Таңертең көбік немесе крем түріндегі жұмсақ бет жуатын құралмен жуынған жөн. Ал кешкісін алдымен беттегі косметиканы мицеллярлы сумен немесе гидрофильді маймен тазартып, содан кейін ғана тазартушы құралмен жуу керек.
Бет жуып болғаннан кейін бірден мата маска қолдануға болады. Оны 10-15 минуттан соң алып тастап, тері құралды жақсы сіңіру үшін бетіңізді жай уқалайсыз.
Тониктер
Бұрын олар теріні қатты құрғататын: олардың құрамында тітіркенуді тудыратын спирттер болатын. Ал заманауи тониктер жұмсақ ингредиенттер мен жеңіл қышқылдарға бай.
Дерматологтардың айтуынша, тониктердің негізгі міндеті — теріні басқа компоненттерді пайдалануға дайындау. Олар сарысулардың нағыз теріге (дерма) жылдам сіңуіне көмектеседі. Егер тониктен спирттің немесе лак кетіретін сұйықтықтың иісі шығып тұрса, оны бетке жағудың қажеті жоқ.
Тоник — бет күтіміндегі міндетті элемент емес, бірақ, оны күнделікті күтімге қосуды шешсеңіз, бұл құралды күніне 1-2 рет бірден бет жуып болған соң қолдану керек. Тониктерді эссенциялармен ауыстыруға болады.
Егер сізде безеу болса, гликоль, сүтті немесе салицил қышқылдары бар тониктерді қолданып көріңіз. Олар қабынуды кептіріп, ұсақ тесіктерді тазартады. Құрғақ теріге гликоль немесе сүтті қышқылдары бар, ал майлы теріге салицил қышқылдары бар тоник сай келеді. Егер бет теріңізде ешқандай қабыну болмаса, ылғалдандырушы тоник алыңыз.
Сарысулар (сыворотка)
Адамдар көбіне сарысулардың не үшін керегін білмейді және жиі шатасып жатады. Сарысулар — қоректендіруші, ылғалдандырушы заттар және антиоксиданттар жоғары шоғырланған құрал. Оның көмегімен бөртпеден құтылуға, тері түсін жақсартуға және безеуден кейінгі тері жағдайын жақсартуға болады.
Сарысулар — бет күтімінде міндетті емес, бірақ пайдалы құрал. Оны абайлап қолдану керек. Косметологтар былай дейді: егер тониктің теріге әсері жеңіл шай жұтымындай болса, онда сарысу сергітетін және қою кофе үлесіне ұқсайды. Оны не таңертең, не кешке немесе күніне 2 рет қолдануға болады. Алайда косметологтар көбіне қатты бөртпе кезінде ғана күніне 2 рет қолдануды ұсынады.
Көз айналасына арналған кремдер
Көз айналасындағы тері өте сезімтал болғандықтан, әдетте, бұл жерге арналған кремдердің құрамы қарапайым ылғалдандырушы кремдерге қарағанда жеңіл болып келеді. Мұндай кремдерді көбіне 30-35 жастан асқан адамдарға қолдану ұсынылады. Көз айналасына арналған кремді күніне екі рет бетке крем жағу кезінде бірге қолдану керек. Көз астының ісуін басу үшін мұндай кремді тоңазытқышқа сақтауға болады.
Ылғалдандырушы крем
Ылғалдандырушы крем — бет күтіміндегі міндетті құрал. Оны күніне екі рет қолдану керек. Егер көп сатылы күтімді ұстанбасаңыз, оны бірден бет жуып болған соң жағасыз. Егер бірнеше күтім құралдарын қолдансаңыз, кремді тоник немесе сарысудан кейін жағасыз. Бетке жағатын кремнің күндізгі және түнгі түрін алуға болады. Күндізгі ылғалдандырушы кремнің құрамында гиалурон қышқылы және күннен қорғайтын SPF әсері бар түрі болғаны жақсы. Ал кешкі кремнің құрамында қалпына келтіруші заттар, мысалы, липидтер, ақуыздар, ретиноидтар болуы мүмкін.
Ылғалдандырушы майлар
Ылғалдандырушы майды күніне екі рет негізгі ылғалдандырудан кейін қолданады. Майлар бәріне бірдей қажет емес. Бірақ терісі өте құрғақ адамдардың өмірін біраз жеңілдетеді. Мұндай өнімдер құралдардан алынған маңызды микроэлементтерді ұстап тұрады. Бөртпеге бейім теріге құрамында итмұрын майы бар, ал сезімтал теріге алоэ майы бар құралдар келеді.
Күннен қорғайтын крем
Жыл мезігіліне қарамастан бет күтіміне арналған құралдардың ішінде міндетті түрде құрамында күннен қорғайтын SPF әсері бар крем болуы керек. Егер ол күндізгі ылғалдандырушы креміңіздің құрамында болмаса, бөлек сатып алыңыз. Оның әсері 3-4 сағатқа қана жететін болғандықтан, оны жаңартып жағып тұрыңыз.