Бет күтімі: қара дақ

Бет күтімі: қара дақ
Фото: vk.com

Беттегі қара дақтарға қатысты мәселе - бүгінгі таңда жас мөлшеріне қарамастан тек әйелдерді ғана емес, ер адамдарды да толғандыратын мәселе болып отыр. Осыған орай қара дақтарға, оларды үй жағдайында кетіруге байланысты пайдалы кеңес ұсынамыз.

Қара дақтардың әсері безеудің әсері сияқты болмағанмен, ыңғайсыздық тудырады. Оларды медицина тілінде "комедондар" деп атайды. Комедондар беттің майлылау бездерінің көп май бөлуінен және бет терісіне топырақ бөлшектерінің енуінен пайда болады. Маңдай, мұрын және иек сияқты бет бөліктері қара дақтардың ең көп кездесетін жерлері болып табылады. Себебі, бұл бөліктер - ең майлы және көп қиындық тудыратын бет бөліктері. Комедондар бетті дұрыс тазартпай, қажет күтім жасамаған кезде пайда болады. Сондықтан бет терісін таңертең және кешке міндетті түрде тазартып тұру керек. Ұйқыға жатпай тұрып, бет терісін тазалауға тырысыңыз. Бұл тек қана қара дақтарға қатысты емес, денсаулықты сақтаудың ең маңызды ережесі десек те болады. Сонымен қатар, комедондар дұрыс тамақтанбау мен ішек құрылысының бұзылуына да байланысты. 

Үй жағдайында қара дақтарды кетіру үшін, ең алдымен, бет терісін буландыру керек. Ол үшін ыдысқа ыстық су құйып, түймедақ пен жөкеден жасалған қайнатпаларды қосып, буға бет терісін төсеп отыру керек. Үдерістің әсері жақсырақ болу үшін басқа орамал жауып алуға болады. Бұл үдеріс 10-12 минуттан аспағаны дұрыс. Бет терісінің қажет деңгейде буланғанына көз жеткізген соң, қара дақтарды шығара бастауға болады. Қолдың таза болуы өте маңызды. Себебі, буланған бет терісі инфекцияны қабылдауға әдеттегіден өте бейім болып келеді. Комедондарды шығарып болған соң, бет терісін дезинфекцияланған тазартқыш лосьонмен немесе сутегінің асқын тотығымен сүрту керек.

Одан соң бет терісінің кеңейген бөліктерін қалпына келтіру үшін маска жасау қажет. Пайдалы маска ретінде балшықтан, жұмыртқа ағы мен лимон шырынының қосындысынан жасалған масканы атауға болады. Ең соңғы үдеріс - бет терісін жұмсарту. Ол үшін жұмсартқыш иісмай жағыңыз. Үдерістің әр бөлігін жауапкершілікпен атқару керек. Бір іс-әрекет қалып қалатын болса, ем әсерін көрсетпейді. Шынайы сұлулық шыдамдылықты қажет етеді. Ескертетін бір жайт - бет тамыры кеңейіп кеткен адамдарға мұндай ем қолдануға болмайды. 

 

А. Оралқызы