Даршын маскасын жүйелі түрде пайдалану бет терісін жақсартуға көмектеседі. Құрамы дәруменге бай, пайдалы макро-микро элементтерге толы болғандықтан, бет терісінің қан айналымын және жасушалардың зат алмасуын жақсартады.
Бет терісін нәрлендіріп, тері түсін қалпына келтіретін даршын маскасы.
Бананның 1/3 бөлігін езіп, 1 ас қасық қаймақ қосып, біртекті күйге енгенше жақсылап араластырыңыз. Оған 1 шай қасық даршын ұнтағы мен 1 шай қасық лимон шырынын қосыңыз. Тағы да жақсылап араластырыңыз. Дайын масканы бетіңізге жағып, 15-20 минут өткен соң жылы сумен жуыңыз. Бұл масканы кез келген тері түрлеріне қолдануға болады. Егер бет терісі майлы болса, алған қаймағыңыздың майлылығы төмен болғаны дұрыс.
Бет терісін тазартып, тегістеуге көмектесетін даршын маскасы.
2 шай қасық сұйық бал мен 1 шай қасық даршын ұнтағын араластырыңыз. Егер тері құрғақ болса, осы қоспаға 1,5 ас қасық өсімдік майын немесе 1 жұмыртқа сарысын қосыңыз. Егер теріңіз қалыпты немесе орташа болса, жоғарыдағы қоспаға 2-3 ас қасық табиғи айран қосыңыз. Тері майлы болса, қоспаға жұмыртқа ақуызын қосып, араластырыңыз. Дайын масканы бетте 10-12 минут шамасында ұстап, жылы сумен жуып тастаңыз.
Бет терісін тазартып, жұмсақ әрі күтімді күй беретін даршын маскасы.
Қантсыз табиғи кофе қайнатып, ыдыс түбінде қалған кофе қалдығына жарты шай қасық даршын ұнтағын, аздап тұз бен қант және 1 ас қасық өсімдік майын құйып, барлығын жақсылап араластырыңыз. Масканы бетке массаж жасай отырып жағып шығыңыз. 10 минуттан соң жылы сумен жуыңыз.
Даршынды бетке қолдануда абай болыңыз. Дайындалу жолында көрсетілген мөлшерді қатаң сақтаңыз. Мұндай маскаларды аптасына бір рет қолданғанның өзі жетерлік. Жүйелі түрде қолдансаңыз ғана, нәтижесін байқайсыз.