Адамда алғаш көзге түсетін ажары – бет-әлпеті. Оның сау әрі таза болуы ерекше күтімнің арқасы. АҚШ-тағы ең ірі косметикалық фирманың қожайыны Хелена Рубейнштейн "Көріксіз әйел болмайды, тек жалқау әйелдер бар!"– депті. Сұлулыққа ұмтылудың бастапқы сатысы – бет терісіне ерекше күтім жасау. Бетімізді ағарту мақсатында маска қолданған сайын құрғақ бола бастайды. Терінің өзі құрғақ тері және майлы тері болып екіге бөлінеді. Соған орай теріге сай түрлі маскалар да бар.
1. Балдан жасалған залалсыздандырғыш. 100 грамм балды аздап су моншасында қыздыру. Оған 25 грамм спирт пен 25 грамм су қосып, біртекті қоспаға айналғанша әбден араластыру керек. Содан кейін бет терісіне мөлшермен жағасыз.
2. Ақуыздан жасалған маска. Жұмыртқаның ақуызын қылқаламмен бетке жағып, жұқа қабыршақ пайда болғанға дейін кептіріп алу керек. Дәл осы үдерісті 3 рет қайталау керек. Содан кейін суық сумен жуып тастау қажет.
3. Ақуызды-лимонды маска. Ақуызды асықпай үздіксіз араластыра отырып, оған 1 шай қасық лимон шырынын қосамыз. Осы масканы бетімізде 15-20 минут ұстап, содан кейін жылы сумен шайып тастаймыз. Кейіннен бетімізді суық сумен шаю керек немесе мұзбен ысқылап жіберсек те артық етпейді.
4. Айранды-ірімшікті маска. 1 ас қасық айранды 1 ас қасық ірімшікпен араластырып, аздап тұз қосамыз. Масканы бетке жағып, 10-15 минуттан кейін жылы сумен жуып тастау керек. Бұл маска бетті нәрлендіріп қана қоймай, қышқылдық әсерін де арттырады.
5. Қызанақ маскасы. Езілген қызанаққа жұмыртқа сары уызын, аздаған ұн немесе крахмал қосамыз. Соңынан жылы сумен шаямыз. Бүлдірген мен жүзім маскасы да дәл осылай дайындалады.
Осы секілді өзге де түрлі маскалар бар. Теріңіздің түрін анықтап алғаннан кейін өз күтіміңізге қарай қолданасыз. Жатар алдында жуынып алған соң бетті арнайы косметикалық сүтпен немесе кілегеймен әбден сылау керек. Ұйықтар алдында құрамында спирті бар косметиканы қолданбаған жөн.