- Негізгі бет
- Сымбат
- Бассейнге барғанда...
Бассейнге барғанда
Суда жай ғана жатқанның өзінде адам 300 ккал жоғалтады екен. Бассейннің басқа да пайдасы ұшан-теңіз. Мысалы, жүзу білмейтіндер, балалар мен екіқабат әйелдер де бассейнге бара алады. Спортпен белсенді түрде айналысуына шектеу қойылған жандар үшін бассейн – таптырмас мекен. Артық салмақтан арылғыңыз келсе, суда дененің салмағы 10 есе азаятынын біле жүріңіз.
Суда жүзу адамның денесін ғана емес, жүйкесін де босаңсытады. Күйзеліске түсіп, қатты уайымға салынып жүрсеңіз, бассейнге барып, бір сәтке бәрін ұмытыңыз. Сондай-ақ жүзу қан қысымын қалпына келтіріп, бұлшық етті қатайтады, тыныс алу мүшелерінің қызметін жақсартып, ерте қартаюдың алдын алады. Тек таза бассейн таңдағаныңыз абзал. Адам көп жүретін көлге түссеңіз, ауру жұқтырып алуыңыз мүмкін. Сондықтан "жүзуге барам" деген шешім қабылдаған болсаңыз, ақшаңызды да аяп қалмаңыз.
Бассейнге бару үшін жабық сукиім кигеніңіз абзал. Сіз де ұялмай жүресіз, басқалар да сізге қарап ыңғайсызданбайтын болады. Ашық, сәнді сукиімді жағажай еншісіне қалдырыңыз. Бас киім мен күн көзілдірігін, орамал мен шаш кептіргішті бірге алыңыз. Бассейнге түспес бұрын бұлшық етіңізді дайындап, бір-екі жаттығу жасап жіберіңіз. Бассейннің ішінде 30 минуттан артық отырмаңыз. Суда тұрып, түрлі қимыл жасаудың артықшылығы көп. Аква-аэробикамен барлық адам айналыса алады.
Жүзу – өте қызықты, сәнді спорт түрі. Жаныңызға рахат сыйлаудан тартынбаңыз.
Бассейннің зиянды тұсы да жоқ емес. Оны тазалауға хлор қолданылады. Егер химикат аллергия туғызса, бассейннен бас тартуыңызға тура келеді. Қауіпсіздік сақталмаған жағдайда, суға тұншығып қалуыңыз да ғажап емес.
М. Оңғарова