Бассейнде өзіңізді қалай ұстайсыз?

Жаз маусымында көбіміз суға шомылып, демалғанды ұнатамыз. Өзен, көлдің жағасынан гөрі қауіпсіз әрі таза бассейнді таңдаймыз. Алайда шомылуға келушілердің басым көпшілігі бассейн этикетімен таныс емес. Ол қандай ережелер?

Душ

Көптеген адам "Душты бассейнге дейін қабылдаған дұрыс па?" деген сұрақ қояды. Негізінде екі рет, яғни бассейнге дейін және бассейннен кейін жуынған дұрыс. Көшеден алып келген шаң-тозаңды жуып-шайып, бассейнге тап-таза болып кірген жөн. Шомылып, демалған соң бассейннің хлорлы суын шаю үшін душқа түсу керек. Бұл ең алдымен денсаулық үшін маңызды.  

Шәркей (шлепка)

Бассейнге жалаң аяқ келуге болмайды. Сонымен қатар шәркейді кез келген жерге тастап кету де дұрыс емес. Бассейнге арналған резеңке шәркейіңізді сатып алып, үнемі тазалап, киіп жүріңіз. Шәркейдің не қажеті бар? Ең алдымен, бұл – қауіпсіздік шарасы. Резеңке аяқ киім байқаусызда еденге сырғанап, құлаудан қорғайды. Екіншіден, бұл тазалық үшін.

Шәркейді бассейннің кез келген жеріне лақтыра салмай, белгілі бір суға түсетін тұсқа шешіп кету керек.

Бас киім

Бассейнде резеңке бас киім киіп жүруіңіз керек. Бұл шаштың ұзын-қысқа болуына байланысты емес. Барлық жанға - ер адамға да, әйел адамға да ереже бірдей: бассейнде шашты жинап, бас киіммен жүзу керек. Бұл қарапайым гигиена ережесі.

Жүзу ережесі

Бассейнде жүзу нормасының бірі - бассейн жолағының оң жағының бойымен жүзу. Ал қайту үшін сағат тіліне кері жүзуіңіз қажет. Бұл - жүзушілердің бір-біріне соқтығысып қалмауы үшін бекітілген ереже.

«Болмайды!»

1. Бассейн ішіндегі зоналарды бөлетін «буйкаларды» ұстауға болмайды. Әйтпесе байқаусызда терең зонаға өтіп кетуіңіз мүмкін.

2. Бассейннің бортынан сүңгуге болмайды. Кейбір бассейндердің сүңгуге арналған орындары болады. Ал егер ондай жоқ болса, секіріп, айналып сүңгуге рұқсат жоқ. Суға тек арнайы баспалдақ арқылы кіріңіз.

3. Бір-бірін қуалап, ойнауға болмайды.

4. Суда бір-бірін батырып, су шашып ойнауға болмайды.

Балалар шомылатын тайыз бассейнде ересек адамға шомылуға болмайды. Тек баласымен бірге ата-анасының біреуіне ғана рұқсат етіледі. Ересектерге арналған бассейннің 1,5 метр тереңдікте демалуға арналған аумағы болады.

Тізеге келетін шорты

Бассейнде шомылу үшін арнайы киім алу керек. Тізеге дейін жететін ұзын шорты кимеген абзал. Оны әдетте жағажайға ғана киюге болады.

Аталған ережелерді жадыңызда сақтап, ескере жүріңіз.