- Негізгі бет
- Сымбат
- Бас терісіне қалай...
Бас терісіне қалай дұрыс күтім жасау керек?
Бас терісі аса күтімді қажет етеді, себебі оның жағдайы шаштың сапасы мен сұлулығына әсер береді. Бас терісі жағдайына тамақтану рационынан бастап күнде жасайтын шаш үлгісіне дейін көптеген факторлар әсер етеді. Ендеше, оның саулығын сақтау үшін бас терісіне қалай дұрыс күтім жасау керек?
Дұрыс тамақтаныңыз
Біздің не жейтініміз ағзамызға тікелей әсер етеді. Бас терісі жасушалары ақуыздарды, дәрумендерді және минералдарды қажет етеді. Егер фастфуд пен басқа да өңделген тамақты жиі жейтін болсаңыз, ол жағымсыздықтарға әкеледі. Мысалы, бас терісі құрғап, қабыршақтануы мүмкін.
Бас терісіне қажетті негізгі дәрумендер мен минералдар:
- А дәрумені;
- В дәрумені;
- С дәрумені;
- D дәрумені;
- Е дәрумені;
- темір;
- мырыш;
- ақуыз.
Тамақтану рационыңызға осы дәрумендер мен минералдарға толы азық-түліктерді қосыңыз. Шашқа арналған дәрумендік препараттар да бас терісін қоректендіруге көмектеседі. Бірақ кез келген қосымша препарат ішер алдында дәрігердің кеңесін алған жөн.
Қайызғақты емдеңіз
Бас терісі жасушаларының жоғары жылдамдықпен қабыршақтануын қайызғақ деп атайды. Әдетте, ол тері майының өте көп бөлінуімен немесе ашытқы тәріздес саңырауқұлақтардың болуымен түсіндіріледі. Сондай-ақ, қайызғақ дәрумендер жетіспеушілігінен, күйзелістен, бас терісінің құрғап кетуінен немесе дұрыс емес күтімнен пайда болады.
Қайызғақтың пайда болғанын көрген бойда бірден шара қолдану керек. Дерматологқа жазылып, онымен құрамында кетоконазол, селен сульфиді немесе мырыш пиритионы бар сусабындарды қолдануды ақылдасыңыз. Бұл ингредиенттер саңырауқұлаққа және микробқа қарсы қасиетке ие.
Шашты қатты буып жинамаңыз
Шашты резеңкемен қатты буу және қатты тартып өру шаштың сынғыш болуына әкелуі мүмкін. Шаштың бұлай қатты тартылып тұруы бас терісіне қосымша күш түсіреді. Сондықтан күнделікті шаш үлгісі ретінде шашты бос етіп өрген және бос буған жөн. Ал күрделі әрі тартылып тұратын шаш үлгілерін мерекелік кештерге қалдырыңыз.
Дұрыс тарақ қолданыңыз
Шаш тарау еш зияны жоқ әрекет секілді көрінеді. Бірақ бұл әдеттің бас терісіне үлкен әсері бар. Мысалы, агрессивті тарау шашты сынғыш етеді және баста кішкентай көгерген жерлердің пайда болуына әкеледі.
Металл тістері бар немесе тістері тығыз орналасқан тарақ қолданбаңыз. Олар бас терісін зақымдауы мүмкін. Пластиктен дайындалған тарақ алуға болады. Егер сізге жұмсақ әрі аяғыш тарақ керек болса, оның силикон түрлеріне мән беріңіз.
Басты ыстық сумен жумаңыз
Ыстық сумен жуыну бас терісін зақымдауы мүмкін. Сондай-ақ, ол шашты құрғатып жібереді. Себебі ол шашты табиғи майларынан арылтады. Сондықтан шаш әлсіз және сынғыш бола түседі. Басты ыстық сумен жуу кезінде қан айналым жақсарады да, шаш фолликулалары қоректік заттарды артығымен алады. Сол үшін май бездері күшейтілген режимде жұмыс істеп бастайды, нәтижесінде, шаш жылдам ластанады. Сондықтан басты жиі жууға мәжбүр боласыз.
Бас массажын жасаңыз
Бас массажы теріге қан құйылуын арттырады, ал бұл шаштың өсуіне ықпал етеді. Массаж кезінде эфир майларын қолдану жақсырақ нәтижеге жетуге мүмкіндік береді. Бас терісіне аптасына үш рет бес минуттан аз емес уақыт массаж жасау ұсынылады.
Бас терісін күннен қорғаңыз
Әдетте, біз бет пен дене терісін күннен SPF кремнің көмегімен қорғап, оған ерекше мән береміз. Алайда бас терісі де қорғанышты қажет етеді. Күн шақырайып тұрған кезде міндетті түрде бас киім киіп жүріңіз.
Бас терісін ылғалдандырыңыз
Егер бас терісі жеткілікті түрде ылғал болмаса, қышу, қайызғақ немесе әлсіз шаш секілді проблемаларға жолығуыңыз мүмкін. Егер құрғақ климатта өмір сүрсеңіз немесе тері майының өңделуіне әсер ететін дәрі ішіп жүрген болсаңыз, бас терісі құрғақ болып кетеді. Сондықтан бас терісіне арналған арнайы ылғалдандырушы маскалар қолданған жөн. Сондай-ақ, бас терісіне айына екі рет кокос майын жағып көріңіз.