Небір жарнамадан бактерияға қарсы сабындардың күші мен пайдасын айтып жатады. Бактерияға қарсы сабындар ағзаны кез келген зиянды заттардан 100% сақтайды деседі. Алайда, Америка дәрігер-ғалымдары оның пайдасынан залалы көбірек екенін анықтады.
Зерттеу жұмыстарының нәтижесінде Америка ғалымдары бактерияға қарсы сабындардың онкологиялық ауруларға жол ашатынын дәлелдеді. Көбіне бұл сабындарды спортшылар қолданады екен. Өзгелерге қарағанда олар тұмау, суық тию, тері ауруларына жиі ұшырайды. Бактерияға қарсы сабындар адам ағзасындағы сыртқы ортадан сақтайтын микробтардың көзін жойып, зиянды бактериялардың орналасуына жол береді.
Бактерияға қарсы сабынмен тұрақты түрде жуыну теріні құрғатып жібереді. Сондай-ақ, терідегі қорғаныш қабықшасын жұқартады. Мұның салдарынан тері аурулары пайда болады. Бұл сабындар бетке әжімнің ерте түсуіне жол ашады.
Бактерияға қарсы сабындарды қолдану тері рагына, инфекциялық созылмалы ауруларға әкеліп соғуы мүмкін. Оны әрдайым пайдалану өте қауіпті. Бұл сабындарды қажетіне қарай пайдаланған жөн. Мысалы, жарақат алып, инфекция түсіп кету қаупі төнгенде бұл сабындарды қолдануға, ит-мысықты ұстап, кейін қолыңызды бактерияға қарсы сабынмен жууға болады. Ал тұрақты түрде онымен жуынуға, бет-қолды ысқылауға, моншада пайдалануға болмайды. Сондай-ақ, бұл сабындармен жас балаларды шомылдыруға болмайды.
Бактерияға қарсы сабындардың сұйық гель түрі де бар. Екеуінің құрамы бірдей болғандықтан, ағзаға деген зияндығы да бірдей. Бактерияға қарсы сабын мен оның сұйығымен шаш жууға, денені ысқылауға болмайды.
Әдетте, бактерияға қарсы сабын құрамында триклокарбан немесе триклозан элементтері кездеседі. Екі элемент те ағзаға кері әсерін тигізеді. Триклозан аллергиялық ауруларды, ал триклокарбан болса, эндокринологиялық ауруларды туғызады.
Жарнамаларда бактерияға қарсы сабындар иммунитетті күшейтеді деп айтып жатады. Керісінше, бұл сабындар иммунитетті әлсірететіне көз жеткізуге болатындай.
Дайындаған: Ғазиза Ұзақ
Суреттер: liveinternet.ru, tipslife.ru