- Негізгі бет
- Сымбат
- Әйелдер 30 жастан...
Әйелдер 30 жастан кейін ғана айнаға өкпелемейді
Нәзік жанды аруларымыздың барлығы дерлік айна алдында тұрып мұңға батады. Уайымдары – бойларындағы кемшіліктері. Сұлу болса да, болмаса да өз бойындағы кемшіліктері мен көзге түрпідей көрінетін артықшылықтарына қам жейді. Бұл әйелдің болмысына сай дүние де шығар.
Өз дене-бітімі мен келбетіне көңілі толмай, кімге өкпе артарын білмей жүретін қыз-келіншектер көп-ақ. Әрине, оған айна кінәлі емес. Әйткенмен, психологтар әйел адамдар үйлкейіп есейген сайын өз тәніне өзі разы болып, өз бойындағы сұлулықты тани бастайтынын растайды. Бұған олардың жасының ұлғайып ес тоқтатуының қатысы жоқ. Сонда аруларымыздың бұлай өзіне-өзі ғашық бола бастауының себебі неде екен?
Ғалымдар мен психлогтардың айтуынша, әйелдер қауымы 34 жастан кейін ғана өз-өздерінің келбеттері мен дене-бітімдеріне көңілі тола бастайтын көрінеді. Олар мұны әйелдердің бұл жаста тұрмысқа шығып, балалы-шағалы болып көңілі орнынан түсетінімен байланыстырады. Сонымен қатар отыздан асқан қыз-келіншектер бұл жаста беттеріне түсе бастаған алғашқы әжімдері мен денелеріне жинала бастаған артық майларын да қалыпты жағдай деп қарап, аса уайым жемейді. Енді олар бұл жаста ешкімге ұнауға тырыспайды. Әлдеқашан ұнатқан жігіті – қазіргі күйеуі. Ол да орта жасқа таяй бастаған әйелінің қыз күніндегідей болуын талап етпейді. Өйткені табиғи құбылысқа түсіністікпен қарайды.
Мамандар әйелдер қауымына қай жаста болса да өз-өздерін күтуге және дұрыс тамақтануға кеңес береді. Сонда олар қырыққа келсе де, елуге келсе де өз-өздерін айнадан көруге ұялмайтын болады. Үнемі жас әйел, сүйікті ана, сүйкімді жар болу үшін спорт арқылы дене-бітімге, косметологтар арқылы бет-әлпетке күтім жасап жүру керектігін еске саламыз.
А. Әбілхан