Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, әрбір екінші адамда аяғынан шығатын жағымсыз иіске байланысты қиындық туындайды екен. Бұл жағымсыз иіс адамды өзіне деген сенімділік сезімінен айырады. Осыған орай, кезекті материалымызда жағымсыз иістің шығу себебі мен одан арылу жолын қарастыруды жөн көрдік.
Аяқтың терлеу себебі
Мұның басты екі себебі бар. Ол – сапасыз аяқ киім мен жоғары температура. Екеуі де адамды терлетеді, ал тер неше түрлі бактерияның көбеюіне жағдай жасайды. Ал бактериялар жағымсыз иіс шығарады. Аяқ саңырауқұлағы да аяқтан жағымсыз иіс шығарады. Табиғи өнімдерден жасалатын аяқ киімдерге қарағанда, сапасыз аяқ киім аяқты қатты терлетеді. Сондықтан, ең алдымен, аяқ киімнің сапасы мен аяқ гигиенасына назар аудару қажет.
Жағымсыз иістен қалай арыламыз?
1. Қолтық асты иісінен арылуға көмектесетін антиперспирантыңызды қолдануға болады. Оны үйден шықпас бұрын аяғыңызға сеуіп, таза шұлық киіңіз немесе аяққа арналған дезодорант сатып алуыңызға болады.
2. Бактерияға қарсы сабын қолдану. Ол жағымсыз иісті шақыратын микробтармен күреседі. Оны күніне 1 рет қолдануға болады.
3. Қара шайдан жасалған ванна. Шай жапырақшаларындағы илік зат жағымсыз иісті шығарушылардың көзін жояды және тесіктерді тарылтады. Осылайша тер аз бөлінеді. 1 ас қасық қара шайды 1 литр суға салып, 10-15 минут қайнатыңыз. Үстіне тағы 2 литр су құйып, суыған соң аяғыңызды салып отырыңыз.
4. Мұндайда сірке қышқылының да пайдасы мол. Оның әсерін күшейте түсу үшін дәріханада сатылатын түмен немесе самырсын майын қосуыңызға болады. 1 стақан сірке қышқылын 3 литр судың үстіне құйыңыз. Артынша 3-4 тамшы эфир майын тамызыңыз.
5. Дәрігерлер лаванда майын ұйықтар алдында жағып жатуға кеңес береді.
6. Сеппе. 2 шай қасық майда тұз бен осы көлемдегі крахмалды араластырыңыз. Дайын болған сеппені аяғыңызға сеуіп, таза шұлық киіңіз. Аяғыңыз құрғақ болып тұрады.
Құрметті оқырман, жоғарыдағы кеңестеріміздің көмегі тиеді деген үміттеміз. Жағымсыз иістен арылудың бұдан өзге тәсілін білсеңіз, пікір ретінде жазып, массагеттік достарыңызбен бөлісе отырыңыз.