Ашық түсті аяқ киімге түсіп қалатын қара сызықты кетіру үшін
Жылдың жылы мезгілінде көп адам ашық түсті аяқ киім киеді. Ашық түсті аяқ киімнің бір жаманы – оған қара сызықтар түсіп қалады. Ол – жүрген кезде аяқ киім бір-біріне үйкелген соң пайда болатын сызық. Қара сызық сулы шүберекпен сүртсең де кетпейді. Яғни сызық шаңнан емес, аяқ киімнің өзінен пайда болады. Бұндай жағдайда аяқ киімді шешіп, мұқият тексеріңіз. Егер аяқ киіміңізге тек қара сызық түскен болса, басқа еш жері бүлінбеген болса, бұл мәселені шешу өте оңай. Әрбір қыздың бөлмесінде тырнақ бояуын кетіретін сұйықтық болады. Дәл сол сұйықтық пен дәке немесе мақтаны алып, аяқ киіміңіздің қара сызығын сүртесіз. Бір-екі, бітті! Аяқ киіміңіз су жаңа кейпіне қайта оралады. Есіңізде болсын! Ешқашан қайта-қайта сүртпеңіз! Ондай жағдайда аяқ киімнің түсі кетіп қалады.
Арзан аяқ киімнен шығатын жағымсыз иісті кетіру үшін
Арзан аяқ киімнің жағымсыз иісі сатып алған күннен бастап білінеді. Оны киіп-шешу де әуре. "Аяқ киімімнен иіс шығып тұрған жоқ па екен?" деп алаңдаумен боласың. Жағымсыз иісті кетірудің бірнеше тәсілі бар. Соның ішінде бәрі істей алатын тәсіл – аяқ киімге шай салу. Шайды салып қойып, бір түнге қалдырасыз. Таңертең аяқ киіміңіздің жағымсыз иісі жоқ болып кетеді. Сондай ақ балалар сеппесі де аяқ киімнің біртүрлі иісін кетіруге қауқарлы.
Көк мұзға тайып құламау үшін
Ол үшін аяқ киіміңіздің табанына медициналық мата пластырьды жабыстырып қою керек.