- Негізгі бет
- Сымбат
- "Ай маникюрын" жасау...
"Ай маникюрын" жасау
"Ай маникюры" тырнақ бояуда ноу-хау емес. Маникюрдың бұл түрі ақ-қара кинематограф кезеңінде де сәнқой арулар арасында танымал болған. Бүгінде "ай маникюры" жаңарып, сәннен қалмайтын қыздар арасында жаңа трендке айналды.
Заманауи "ай маникюрында" бұрынғы үлгілерге қарағанда жарқын түрлі түс, түрлі пішін қолдануға болады.
Классикалық маникюр қызыл, қара қызыл, алқызыл түстерінде орындалады. Ал қазірде маникюрдың түсін таңдауға еш шек қойылмайды. Тіпті бір маникюрда түрлі текстураны да қолдана аласыз.
"Ай маникюрында" екі түсті бояу қолданады. Соның бірі жарты ай пішініне ұқсас болады, маникюрдың атауы осыған байланысты екен.
"Ай маникюрын" жасау үшін сізге кереғар түсті 2 лак, мөлдір лак пен арнайы трафареттер қажет. Трафарет – жарты ай, дұға немесе үшбұрыш пішінді кішкене қағаз. Мұндай арнайы стикерлерді косметика дүкенінен сатып алсаңыз, немесе өзіңіз-ақ желімденетін қағаздан немесе скотчтан кесіп алсаңыз болады.
1-Қадам
Біріншіден, тазаланған, пішіні келтірілген тырнаққа 1-2 қабат негізгі бояу жағу керек. Түсі күңгірт бояуды астыңғы, яғни негізгі қабат ретінде таңдаған жөн. Лак әбден кебуі үшін, оған 20-30 минут беріңіз.
2-Қадам
Кепкен бояудың үстіне дайындап қойған трафареттерді тырнақтың ортасына жабыстырамыз. Стикер көмегімен сіз қажет жерге бояу жағып, басқа аймақты кірлетіп қоймайсыз. Енді ашық астыңғы аймаққа кереғар түсті лак жағыңыз. Лактың кепкенін күтіңіз.
3-Қадам
Бояу кепкеннен кейін стикерлерді алуға болады. Үстінен мөлдір лакты жағып, маникюрды бекіткен дұрыс.
Жалпы, негізгі түс ретінде ашық түсті, қосымша түс ретінде күңгірт түсті таңдауға да болады. Түстердің үйлесімін сақтасаңыз болғаны. Кейбіреулер керісінше бірінші қабат лакты тырнақтың астыңғы бөлігінде қалдырып, екінші лакты тырнақтың жоғарғы жағына жаққанды жөн санайды. Бұл тек сіздің қалауыңызға байланысты.
Мұндай маникюр сәнді отырыстар мен салтанатты кештерге, маңызды кездесулерге мінсіз нұсқа бола алады.
Дайындаған: Сания Аринова
Сурет: pininterest.com
С. А