Кірпік бояудың сырлары жайлы айтқан болатынбыз. Енді кірпікке арналған сүрмені қолданудағы ерекшеліктермен таныс болып, "ең сұлу көзді ару" атаныңыз.
Сүрме жақпас бұрын, кірпігіңіздің артық майлығынан арылту керек. Себебі сүрме майлы кірпікке жаман жатады. Ол үшін көзіңізді құрамында майы жоқ не аз сұйықтықпен сүртіңіз. Сүрме жаққышының пішіні үлкен маңызға ие. Қысқа, қалың, конус пішінді жаққыштарды таңдағаныңыз жөн. Жаққышпен тым көп бояу алуға тырыспаңыз. Бұл кірпіктердің біріне-бірі жабысуына әкеледі. Сапалы сүрмеге таңдау жасасаңыз, ол жаққышқа қажетті мөлшерде бояу түсетінін қамтамасыз етеді. Кірпіктерді ортасынан бояп бастаған дұрыс. Кейін сырт жақ шетін, одан соң ішкі жағын бояған дұрыс. Сүрмені түбінен ұштарына дейін жағыңыз. Бір қабат жаққаннан соң, оның кепкенін күтіп, қажет болса екінші қабат жағыңыз. Сүрмені қалың қылып, бірнеше қабат кірпіктердің сырт жақ шетіне, ұштарына жақын жаққан дұрыс. Сүрмеңіздің қолдану уақытын қадағалап жүріңіз. Бояу ұнтақтала бастағанда, не ішінен жағымсыз иіс шықса, оны қолданбағаныңыз жөн. Жаңа сүрмені ашқаннан кейінгі сақталу мерзімі - 4 ай.Дайындаған: Сания Аринова
Сурет: modobzor.ru