Аты жоқ саусақты өзге түске бояу трендін кім ойлап тапты?

Аты жоқ саусақты өзге түске бояу трендін кім ойлап тапты?

Қыздар арасында аты жоқ саусақты ерекше етіп бояу сәнге айналды. Бұл тренд қайдан шыққаны және кім шығарғаны осы әдісті пайдаланып жүрген әрбір қызға қызық болар? Негізінде, бастапқыда оң қолдың ортаңғы және аты жоқ саусағын басқа түспен бояп, ерекшелендіру көзделген. Мұны маникюр шебері Кристина Фицджеральд ойлап тауып, фэн-шуй сенімімен байланыстырған. Бүгін біз осы маникюр шебері жайлы және осы әдістің мағынасы жайлы әңгімелейміз.  

Кристина Фицджеральд (Christina Fitzgerald) – аустралиялық маникюр шебері, тырнаққа арналған лактар мен жас ұлғаюына қарсы қол мен тырнақ күтіміне арналған құралдарды шығаратын «Christina Fitzgerald» брендінің иесі, сонымен қатар революциялық сусыз маникюр әдісінің авторы.

Christina Fitzgerald маникюрінің басты ерекшелігі – қолдағы екі саусақты ерекшелендіру немесе фэн-шуй бойынша маникюр жасау.

Christina Fitzgerald бренді қол мен аяқ күтімі процедуралары эстетикасында жаңа стандарттарды енгізді. Екі түсті маникюрді де жаңалық қып ашқан дәл осы Кристина Фитцжеральд. Оның кәсіби лактар топтамасында әр реңк өзіне максималды түрде сай келетін түстер палитрасына ие. Лактарды осылай жұп түстерге бөлу бір жағынан ыңғайлы да, өйткені француз немесе ай маникюрі үшін немесе «фитцжеральдық» маникюр үшін ұзақ реңк таңдаудың қажеті жоқ.

Екі түсті маникюр идеясы оң қолдың ортаңғы және аты жоқ саусағы басқа түспен боялуына негізделген. Мысалы, қара түсті лак қызыл, көк, алқызыл, қою сары және т.б. түстермен тамаша үйлеседі. Байсалды түстерді ұнататындар түрлі фактуралы, бірақ бір түсті немесе бірреңкті лактарды таңдай алады.

Ортаңғы және аты жоқ саусақ бекер таңдалған жоқ. Ортаңғы саусақ рухани ұстанымдар мен бастаулардың сәттілігін білдірсе, аты жоқ саусақ махаббатта жолы болуды меңзейді. Егер осы екі саусақты ерекшелетіп қойсаңыз, сәттілік пен махаббатқа бөленесіз-мыс.

Айта кететіні, сұқбаттардың бірінде Кристина бұл идея ойда-жоқта туғанын айтқан. Бір күні құрбысы жиынға асығып бара жатып екі саусағындағы кеппеген лагын бүлдіріп алады. Асығыста құрбылар жақын тұрған лакпен бояй салуды жөн көреді. Бұл идея өзіне қатты ұнап қалады. Сонымен қатар маникюр шебері «фэн-шуй» мен астрологияға сенеді: «Сен жаныңа жақын жұмысты істесең, өз-өзіңмен үндестікте өмір сүрсең және әлемге ашық болсаң – сонда әлемдегі бар жақсы атаулыны шақырасың», - дейді.

Кристина Фицджеральдтың маникюр индустриясындағы кәсібі 30 жыл бұрын басталған. Содан бері ол әлемдік деңгейдегі жұлдыздар арасында маникюр шебері деген құрметке ие.

Оның кәсіби ұстанымдары:

  • қол күтімі де – өнер, Кристина дәл осыны маникюр мен педикюр концепциясына енгізген;
  • кутикуланы кесу – зиян. Егер сіз оны кесіп алып тастасаңыз, ол бақылаудан шығып, тырнақ пластинасының бүлінуіне және инфекция түсуіне себеп болуы мүмкін. Christina Fitzgerald-тың барлық өнімдері мен әдіс-тәсілдерін жиі қолдану кутикуланы алмайтын маникюрге өтуіне мүмкіндік береді;
  • екітүсті маникюрде түстердің үйлеспеуі деген болмайды. Басты критерий – ішкі үйлесіміңіз бен дүниені сезуіңізге байланысты.

Ол өз мансабын тәуелсіз фрилансер болып бастаған. Кристина қарапайым нейл-препараттармен жұмыс істеп, тырнақ күтіміне арналған өнімдер, лактар мен егеуіштерге көңілі толмаған. Жұмыстан келе сала, ол мінсіз маникюр жасау үшін және маникюр шеберінің жұмысын жеңілдетуге қажет дүниелерді күнделігіне жазып отырған.

Сонымен қатар, ол сән индустриясына кәсіби маникюр мамандарының жетіспейтінін түсініп, маникюр шеберлерін дайындайтын академиясын ашады. Академияға оқу жоспарын да өзі дайындаған. Маникюр мен педикюр академиясы шеберлердің кәсіби деңгейін көтеретін оқу-білім, техникалар мен тренингтерді меңгеруге мүмкіндік берді.

2008 жылы шебер Christina Fitzgerald Concept атты лактар мен күтім жасайтын құралдардан тұратын өзінің маркасын ұсынды. Бұл алғашқы толыққанды жүйе: авторлық өнімдер желісі, салондардағы процедуралар мен техникалар, сонымен қатар кәсіби біліктілікті арттыратын тренингтер.

Christina Fitzgerald сусыз маникюрының ерекше белгілері:

  • бренд шеберлері тек қара перчаткада жұмыс істейді. Перчатка – бұл процедура қауіпсіздігінің қосымша кепілі, ал қара түс – клиенттің аққұба терісінің аясында маникюр жақсы көрінуі үшін ойластырылған;
  • бір рет қана қолданылатын егеуіштер пайдаланылады. Оларды клиенттің көзінше қаптамадан алады;
  • маникюрге қол терісінің күтімі, маска мен скраб жағу және де ерекше уқалау арқылы кутикуланы өңдеу кіреді;
  • Christina Fitzgerald ерекше маникюрі сусыз және кішкене қысқаштар мен қайшыны пайдаланбауға негізделген;
  • Christina Fitzgerald лактары Bond атты арнайы майсыздандыратын құрылғымен бірге пайдаланылады. Ол лактың тырнаққа жабысуын жақсартып, маникюрдің ұзақ сақталуын қамтамасыз етеді. Құрал кез келген түсті лакпен бірге жүреді. Bond бірінші жағылады, ал кейін база, лак екі қабат жағылады және ең соңғы болып бекіткіш құрал жағылады. Бұл комбинация маникюрдің 7 күн бойы сақталуын қамтамасыз етеді.

 

Christina Fitzgerald лактарының реңктері оның жақындарының аттарымен немесе оның есінде қалған жарқын сәттермен аталған. Мысалы, David бұл Кристина Фицджеральдтың немере ағасының есімі. Ол оның әржақтылығы мен әуесқойлығына қызығатын көрінеді. ToyBox реңкі мәскеулік Қызыл алаңның құрметіне қойылған. 

Сурет: www.authentica.ru

Дайындаған: Анар Мұстафина

A. Mustafina