Әтір косметиканың бір түрі болғандықтан, оны да қолдана білу керек. Әтірді дұрыс қолдануды үйрететін немесе есіңізге түсіретін бірнеше кеңес ұсынамыз. 1-кеңес. Хош иістің мүмкін барлық түрін араластырмауға тырысыңыз. Себебі олардың бәрі бірдей бір-бірімен үйлесім таба бермейді. Мысалы, жұпар иіс пен цитрусты иіс бір-бірімен үйлеспейді. Сондықтан антиперспирант пен иіссудің бір типте болғаны жөн. Өндірушілер көп жағдайда иіссумен қатар бірден сол типтегі антиперспирант та шығарады. Егер оның иіссуы ғана ұнаса, онда антиперспиранттың иіссіз немесе жеңіл иісті түрін таңдаңыз. 2-кеңес. Қазір әтірдің иісі күшті әрі ұзақ сақталатын түрі сәнде емес. Күндіз жеңіл әрі нәзік иісті әтірлер кез келген киім үлгісіне жақсы жараса кетеді. Қазір бір күнде бірнеше иісті әтір себу де жақсы идея болып табылады. Күндіз нәзік иіспен жүрсеңіз, кешкілік біржерге баратын болсаңыз, қанығырақ түрін себуге болады. 3-кеңес. Әтірді киімге себерде иістің табиғи текті матаға (жібек, мохер, кашемир) жақсы жататындығын есте сақтаңыз. Иіс теріден және жүннен жасалған бұйымда ұзаққа (1 жылдай) сақталады. Әтірді мұқият себу керек. Мысалы, кей тері бұйымдары әтірдің кесірінен түсін жоғалтып алса, ашық түсті матада дақ пайда болуы мүмкін. Сондықтан әтірді ондай киімдердің иық астына, тігіске немесе астарына себу керек. Әтірдің шынайы иісі 100 % сіздің денеңізде білінеді. Адам терісінде ғана иістің ең нәзік нотасына дейін ашылады. 4-кеңес. Әтірді құрғақ теріге себуге болмайды. Сондықтан, әтірді душ немесе ванна қабылдаған соң себіңіз. 5-кеңес. Әтірдің 2-3 тамшысын қантамырлар жүйесіне жақын жерге жағыңыз, ол жерлер жылы болғандықтан, иіс жақсы ашыла алады. Ол жерлерге самай, мойындағы ұйқы күретамыры, құлақ арты және білек жатады. 6-кеңес. Егер сіз әтір иісін сезбесеңіз, сізден хош иіс шықпайды деген сөз емес. Айналаңыздағы адамдар сіз үйреніп қалған иісті сезеді. Сондықтан әтірді көп мөлшерде қолданбауға тырысыңыз. Айналаңыздағы адамдарға сіздің қасыңызда отыру қолайсыздық тудыруы мүмкін. 7-кеңес. Әтірді сақтау ережесін орындаңыз. Әтірді жабық күйінде және балалар қолы жетпейтін жерде ұстаңыз. Сол кезде әтір ұзаққа жетеді.