"Асығыс" макияж

"Асығыс" макияж

Кездесуге кешігіп жатырсыз ба? Асығып жасалған мэйк-апыңыз оғаш көрініп қалмасын десеңіз, бұндай сәттері кейбір косметика құралдарын қолданбағаныңыз жөн.

Жабыстырылатын кірпіктер

Уақыт тығыз кезде кірпік жабыстырып отырудан бас тартыңыз. Нәтижесі дұрыс болмай, кірпігіңіз күлкілі көрініп, уақыт өте түсіп қалуы мүмкін. Кірпіктер дұрыс жабысуы үшін жіңішке жаққышпен жасанды кірпікке желім жағыңыз. Оны өзіңіздің кірпіктеріңізге барынша жақын қылып орналастырып, қатты қысып, 30 секунд ұстай тұрыңыз. Желімделген жерді жасыру үшін үстін қара сұйық сүрмемен сызып өтіңіз.

Сұйық сүрме

Бұл косметикалық құралды да асыққанда қолданбаған дұрыс. Уақыт жоқ кезде қолыңыз өзінен-өзі дірілдей бастап, сызық қисық болып кетеді. Асығып тұрсаңыз да, сұйық сүрмені қолданып, сызығыңыз қате шықса, бар еңбегіңізді өшіруге асықпаңыз. Одан да суланған мақтамен артық бояуды сүртіп, жағылып кеткен жерлеріне консилер тамызып, түсін қалпына келтіріңіз. Артынан тағы да бір рет асықпай сызық салыңыз.

Қола түстес опа

Бұл керемет косметикалық құрал жылдың әр маусымында сізді күнге күйген ару қыла алады. Алайда асыққанда әдемі тері түсінің орнына "күйіп" кете аласыз. Ондай болмас үшін, опаны жақсы жарықтандырылатын жерде жағыңыз. Жаққышты опаға малып, артығын қағып тастаңыз.

Жақсы мэйк-апқа қанша уақыт керектігін алдын ала асықпай отырғанда есептеп алыңыз. Біреуге 10 минут жеткілікті болса да, басқалары сағаттап отыра алады. 

Ал сіз макияжды қанша уақытта жасайсыз?

Дайындаған: Сания Аринова

Сурет:designnavigator.ru

С. А