Соңғы кездері Отандық шоу-бизнесте Әсел Сағатованың есімі жиі айтылып жүр. Ол "Махаббат тәлкегі", "Рекитер" , "Мәңгүрт" фильмдерінде басты рөлдерді сомдаған. Тележүргізушілік пен модельдік қызметтерді қатар алып жүрген Әсел сонымен қатар, әйгілі сауда маркаларының келбеті болып табылады. Әселдің тән сұлулығының құпиясын ашпақ болып әңгімелесіп едік. Назарларыңызға ұсынамыз:
Әсел, халық назарында жүргеннен кейін қашан да жайнап жүру — басты міндет. Сіздің сұлулығыңыздың құпиясы неде?
— Қиын сұрақ екен... Ешқандай құпиям жоқ. Бірінші себеп — жастығым шығар. Жас уақытта барлық қыздар тартымды әрі сұлу боп көрінеді. Ал, екінші себеп — табиғаттан берілген бет-әлпет деп білемін.
Сұлулығыңызды сақтап қалу үшін сән салондарына жиі барып тұрасыз ба?
— Көп бармаймын. Қажет болған кезде ғана барамын. Бірақ, сән салондарының сыртқы келбетке тигізер пайдасы көп. Күтімнің кейбір түрлерін сән салондарында жасаймын.
Бетіңізге бояу жақпай, далаға шыға аласыз ба?
— Әрине, шығамын. Мен күнделікті өмірде бояуды көп қолдана бермеймін. Тек мерекелік кештер мен салтанатты жиындарға, түсірілім алаңдарына шығар кезде ғана боянамын.
Тәніңіздің сұлулығын қалыпты жағдайда ұстау үшін қандай шара қолданасыз?
— Ас ішкенде тойып ішпеуге тырысамын. Ағзаға пайдалы тағамдарды, оның ішінде көкөністерді көп жеймін. Ұннан жасалған тағамдардан бас тартатын кездерім болады. Сонымен қатар, өзімді сергек сезіну үшін спортпен шұғылданамын. Спорттың дене бітімімді сымбатты етіп ұстауға әсері мол.
Сырт киіміңізді таңдауда арнайы мамандардың кеңесіне жүгінесіз бе? Және қай жерден киінесіз?
— Стилистім жоқ. Киім таңдауда талғамыма ерік беремін. Атақты орыс дизайнері Кира Пластининаның ұсынып жүрген киімдері ұнайды. Бәрі биік талғаммен жасалған. Ерекше үлгісімен, ыңғайлылығымен көзге түседі. Мен “Kira Plastinina” маркасының тұрақты сатып алушысы және Қазақстандағы көрсетуші өкілі болып табыламын.
Ал біздің қаракөз қыздарымызға қандай кеңес берер едіңіз?
— Қыздар, күнделікті ас мәзірлеріңіздің сапасына мән беріңіздер. Денсаулыққа пайдалы азық-түліктерді қабылдаған дұрыс. Спортпен шұғылданыңыздар. Күйзеліске бой алдырмаңыздар. Күйзелістің кері әсері бірден бет-әлпеттен байқалады.