Жаз келіп, бәріміз күн көзілдірігін алуға тырысамыз. Көбіне қалтаға салмақ салмау үшін базарда сатылатын арзан көзілдіріктерге жүгіреміз. Ал сіз арзан күн көзілдірігінің күннен қорғай алмайтынын білесіз бе?
Офтальмологтар арзан көзілдірік көзді ультракүлгін сәуледен қорғай алмайтын болғандықтан, оны мүлде тақпауға кеңес береді. Өйткені жол бойында, базарда сатылатын арзан күн көзілдірігінің қорғаныш қабаты болмайды. Сондықтан көздің саулығын ойласаңыз, бірден қымбат болса да, сапалы күн көзілдірігін алғаныңыз жөн. Кейде сапалы көзілдірік арзан бағамен де сатылады. Бастысы – көзілдіріктің сертификаты болуы керек. "Көзілдірік түсі қаншалықты күңгірт болған сайын көзді соншалықты қорғайды" деп санайтындар бар. Бұл да қате пікір. Аксессуардың қорғанышы түсіне емес, құрамына байланысты болады.
Көзілдірікті сатып алар кезде қағазын оқып, маркасына назар аударыңыз. Көзілдірікті арнайы дүкеннен алғаныңыз дұрыс. Аксессуармен бірге берілетін қағазда ультракүлгін сәуледен қаншалықты қорғайтыны, басқа да сізге қажет ақпараттар жазылады.