Шөп шайын ішіп, емделу фитотерапия деп аталады. Фитотерапия – артық салмақтан арылуға көмектесетін пайдалы әдістің бірі. Сонымен қатар шөптер ағзадағы токсин, қоқыстарды шығаруға көмектеседі. Фитотерапияның басты артықшылығы – адам диета, жаттығусыз арықтайды.
Шөптің түрі көп. Тәбетті басатын шөптер асқазанды толтырады. Бұл шөптер тобына спирулин, зығыр дәндері, дәрі балдырған, жалбызтікен түбірі жатады.
Егер артық салмақтың себебі ағзадағы су мөлшерінің көптігінде болса, басқа шөптерді пайдалану керек. Мысалы, қызылжидек (итбүлдірген), дала қырықбуыны, иттікен шөптерін ішуге болады. Олар бауыр қызметін қалыпқа келтіріп, несеп айдайды.
Сонымен қатар арықтауға ас қорыту қызметін қалыпқа келтіретін шөптер көмектеседі. Оларға барбарис, бақбақ, салаубас, жүгері тұмсығы жатады.
Калорияны азайтатын шөптер – жанжабіл, куркума, гүлшетен. Бұлар зат алмасу қызметін қалыпқа келтіреді. Алайда тәбетті шақыратын қасиетке ие болғандықтан, мәзіріңізді мұқият бақылауыңыз керек.
Арықтау үшін шөптің бір түрін емес, шөптер жиынын ішу керек. Әр топтан бір-бірден таңдап, ұсақтап турап, араластырыңыз. 1 ас қасық шөпті 1 стақан қайнаған суға құйып, бір сағат тұндырыңыз. Күніне 3-4 рет ішіп тұру керек.
Арықтау кезінде адам ағзасы дәрумендерді қажет етеді. Сондықтан шөп жиынына балмұрын (итмұрын), қарақат, таңқурай мен шетен қосып ішкен жөн.