- Негізгі бет
- Сымбат
- Арықтауды жігіттерден үйренейік...
Арықтауды жігіттерден үйренейік
Көптеген медициналық зерттеулер нәтижесінде артық салмақтан әйелдердің 55 пайызы (жартысы) мен ерлердің 28-ақ пайызы зардап шегетіні анықталды. Қарап тұрсақ, жігіттерді аруларға қарағанда бұл мәселе аса көп мазаламайды екен. Оның себебі неде? Жігіттер неге толмайды?
Ер кісілердің ағзасындағы зат алмасудың тездігі, өмір тәртібі мен тамақтану ерекшеліктері оларды артық салмақтан сақтайды. Демек нәзік жандылар азу үшін жігіттерге еліктеп, олар сияқты тамақтану керек. Ендеше жігіттерге тән тамақтану ерекшеліктерін біліп жүрейік.
Тексерілмеген диеталардан сақ болыңыз
Арулар тексерілмеген диеталарға жиі отырып, нәтижесінде арықтаудың орнына артық салмақ жинап алады. Нәзік жандылар түрлі жарнама, біреудің кеңестеріне сенгіш келеді. Олар диета көмегімен қаншалықты көп азса да, артынан сол салмақты және оған қоса тағы да бірнеше артық килограмм қосып алады. Ал ер кісілер арықтаймын деп ниеттенсе, ғажайып диеталар емес, нақты арықтау жолдарын іздейді. Сонымен қатар олар кейде диета жайлы ұмытып, тамақты рахаттанып жеуден қорықпайды. Демек арықтауға ниеттенсеңіз, супер диеталар жайлы ұмытып, дұрыс тамақтану тәртібіне көшіңіз, және тамақтанудан ләззат алып үйреніңіз.
Тұрақты түрде тамақтану
Жігіттер нәзік жандыларға қарағанда көбірек күш қажет етеді. Сол себепті олар тамақтану уақытын жібермей, тұрақты тамақтанады. Оған қоса түрлі тіскебасарлар жайлы да ұмытпайды. Сол себепті кешке, жұмыстан кейін жігіттердің спорт залға баруға, достарымен қыдыруға, таза ауда жүруге күштері қалады. Ал қыздар түскі ас, кешкі асын жіберіп алып, артынан пайдасыз тіскебасарлар көмегімен күш жинап отырады. Бұл аштық сезім мен бір отырғанда бірден көп тамақ жеуге әкеледі. Тұрақты, толық тамақтанып жүруге тырысыңыз.
"Маған мұны жеуге болмайды"
Нәзік жандылар дұрыс тамақтану тәртібін сақтау үшін көп нәрседен бас тартады. Бірақ кейде өзімізге майлы қуырылған тағамға рұқсат берсек те, іштей "Маған мұны жеуге болмайды" деп ойлап тұрамыз. Нәтижесінде осы психологиялық қате тамақтың сіңуіне де, қорытылуына да кедергі болып, одан көбірек зиян аласыз. Әрине пайдасыз тамақты жемеген жөн, бірақ сирек болса да өзіңізге ерік беріп, қуырылған ет пен картоп жеуге бел бусаңыз, жігіттер сияқты одан барынша ләззат алуға тырысыңыз.
Ақуыздарды көптеп жеңіз
Ер кісілер табиғатынан етті жақсы көреді. Олардың рационы үнемі сапалы ақуыздарға толы. В12 дәрумені мен темір көп болатын қызыл ет денсаулық үшін өте қажет, алайда арықтап жүрген ару оны сүтті өнімдер, жұмыртқа не бұршақ өнімдерімен алмастыра алады.
Уайым-қайғыны қойыңыз
Әйелдер ерлерге қарағанда екі есе жиірек өздерін "толықпын, арықтау керек" деп айыптайды. Статистика бойынша азып болып, қажетті салмағына жеткен арулар да түрлі шараларды қолданып, тағы да арықтағысы келеді екен. Ал ерлер бұл мәселеге оңай қарайды. Артық салмақ байқаған бойда олар спорт пен тамақтануды қолға алып, тез қажетті салмақтарына оралады.
Сонымен, "жігіттерше" арықтау үшін, қыздарға тән эмоционалдық, уайымға салыну, құрбылардың кеңесін тыңдау сынды қасиеттеріңізді қойып, жігіттер сияқты мәселеге оңай қарап, іске кірісіңіз.
Дайындаған: Сания Аринова
Сурет: visualphotos.com
С. А