Арықтаймын деушілерге сан түрлі әдіс ойлап табылды: фитнес, диеталар, арнайы шайлар. Алайда тұрақты салмақтың басты себебі – күнделікті әдетте. Ал фитнес, диета аз уақыт қана сақталатын болса, ешқандай нәтижеге жеткізбейді.
Сондықтан артық салмақтан арылуға көмектесетін 5 әдетті назарларыңызға ұсынамыз:
1. Су ішу әдеті
Таңғы, түскі және кешкі астың алдында үлкен стақан су ішуді әдетке айналдырыңыз. Біріншіден, бұл денсаулығыңызға пайдалы. Екіншіден, су асқазанды толтырып, тәбетті басады.
2. Баяу тамақтану әдеті
Баяу тамақтануды үйреніңіз. Егер қиынға соқса, шанышқыны ауызға салғаннан кейін тәрелкеге қойып отырыңыз. Біріншіден, тамақтың дәмінен ләззат алуды үйренесіз. Екіншіден, азырақ жейтін боласыз, себебі миға тамақтың жеткілікті екені жайлы сигнал 12 минутта ғана барады.
3. Жартысын жеу әдеті
Әдеткі порцияңыздың жартысын ғана жеуге дағдыланыңыз. Бір жерде тамақтанып отырсаңыз, серігіңізбен бөлісіңіз, жалғыз болсаңыз, өзіңізбен алып кетіңіз. Ал үйде жарты порция болатындай етіп салып, жеңіз.
Бастапқыда бұл әдетті «енгізу» қиынға соғары сөзсіз. Бірақ бірнеше күннен соң үйреніп те қаласыз.
4. Жүрек жалғап алу әдеті
Үстеліңізде печенье, жеміс-жидек, көкөністер болғаны абзал. Таңғы және түскі астың арасында және кешкі асқа дейін бір рет кішігірім жүрек жалғап алыңыз.
5. Қозғалу әдеті
Үйде жасауға болатын жаттығулар топтамасын дайындап, күніне 20 минут уақыт бөліп, жаттығып алыңыз. Велотренажерді пайдалану мүмкіндігі болса, тіпті жақсы. Ең бастысы күнделікті жасап тұру қажет екенін ұмытпаңыз. Жұмыстан, оқудан шаршап келсеңіз де, жаттығудан бас тартпаңыз. Көп ұзамай бұл да әдетке айналып, еш бөгетке қарамай, жасай алатын боласыз.
Бес әдетті бірден енгізуге тырыспаңыз. Алдымен бірінші әдетті 21 күн ішінде жасап, сосын келесісіне көшіңіз. Ең қиыны – бастау. Ал мақсатқа жету өз ниетіңізге ғана байланысты.
Сурет: gde-fon.ru
Ұқсас жазба:
Арықтағысы келетін арулардың қателіктері