Кейде арықтағаннан кейін салмақты ұстап қалу артық салмақтан арылу процесінен де қиын. Біреулер тұрақты салмақты жылдар бойы қалыптасып қалған зиянды тағамдық әдеттерінің себебінен ұстай алмаса, басқалар диетаны дұрыс таңдамайды. Алайда дене массасының жиі және бірден өзгеруі ағзадағы қауіпті бұзылысқа әкелуі мүмкін. Мысалы, гормонды тепе-теңсіздік немесе зат алмасудың бұзылуы. Арықтағаннан кейін салмақты қалай ұстап қалуға болатынын және мүмкін проблемаларды қалай болдырмау керегін ұсынамыз.
Жылдам арықтауға тырыспаңыз
Дұрыс арықтау — күрделі әрі баяу процесс. Дұрыс арықтау үшін спортпен айналысып, рационды өзгерту керек және ол психологиялық дайындықты да қажет етеді. Көп жағдайда сондай-ақ зат алмасу жұмысы мен метаболизмді де реттеу керек. Кез келген қатаң шектеулер, мысалы, монодиета (тек бір немесе бірнеше азық-түлікті жеуге болатын) және майлар немесе ақуыздан толықтай бас тарту керек болатын диеталар жағымсыз салдарларға әкелуі мүмкін. Қатаң шектеулері бар диеталар кезінде салмақ жылдам жоғалады. Бірақ олардан кейін артық салмақ қайтадан келуі немесе одан да көп қосылуы әбден мүмкін.
Рационға жемістер мен көкөністерді көбірек қосыңыз
Термиялық өңделмеген мерзімдік жемістер мен көкөністер денсаулыққа өте пайдалы. Оларды аз болса да, бірақ күнделікті жеу инсулинді төзімділіктің азаюына ықпал етеді. Яғни, метаболизмдік жүйенің жұмысын реттеп, дұрыс салмақты ұстап тұруға көмектеседі. Үйреншікті зиянды тіскебасарларды жемістермен және көкөністермен алмастырған жөн.
Аптасына бірнеше рет спортпен айналысыңыз
Спортпен айналысу арықтағаннан кейін салмақты ұстап тұруға көмектеседі, төзімділікті арттырады және иммунитетті қатайтады. Оған қоса, физикалық жүктемелер жүрек-қан тамырлар жүйесін қатайтады және метаболизмдік жүйенің дұрыс жұмыс істеуіне ықпал етеді.
Өзіңізбен психологиялық жұмыс жасаңыз
Қажетті нәтижеге жеткен соң көбісі диетаны тоқтатып, қайтадан өздерінің зиянды тамақтану әдеттеріне оралады. Мұндай әрекет әлсіз ерік-жігерді көрсетеді және психологиялық, эмоционалдық проблемалардың барын білдіреді.
Психологтардың ойынша, артық салмақпен жылдар бойы созылып келе жатқан күрес қандай да бір шешілмеген психологиялық проблемамен байланысты болуы мүмкін. Егер күйзелгенде немесе шаршағанда көбірек тамақ жейтініңізді байқасаңыз және оны сізге бақылау қиынға соқса, психологпен жұмыс істеп көріңіз немесе психологиялық кітаптар көп оқып, өзіңізбен жұмыс істеңіз.
Жаңа дұрыс әдеттерді сақтаңыз
Арықтағаннан кейін салмақты ұстап қалу үшін зиянды әдеттерге «жоқ» деуді үйрену керек және біртіндеп оларды жаңа пайдалы түрлерімен ауыстыру қажет. Бірақ өзіңізге өте қатаң шектеулер де қоюға болмайды. Әйтпесе, бір күні шыдамай, оны бұзып жібересіз. Сондықтан жаңа әдеттерді біртіндеп енгізіп, кейде ұсақ қателіктер жіберген кезде өзіңізді кешіре білу керек. Жағымды өзгерістер байқаған бойда күш пен шабыт келгенін сезесіз.
Жұмыс үстелінде және смартфон алдында тамақ жеуді тоқтатыңыз
Сериал қарап отырып немесе әлеуметтік желілерге кіріп тамақ жеу ас қорытумен байланысты проблемаларға әкелуі мүмкін. Біріншіден, монитор алдында тамақты ұзақ шайнауды ұмытып кетесіз. Екіншіден, тамақты әдеттегіден 2-3 есе артық жеп қойғаныңызды байқамай қаласыз. Қайта артық салмақ қосып алмас үшін және ас қорытумен байланысты проблемалар болмас үшін күнде шамамен бір уақытта және арнайы тамақ ішетін жерде тамақтануға тырысыңыз.
Таза судың жеткілікті мөлшерін ішіңіз
Ас қорыту жолы қалыпты жұмыс істеуі үшін күнде жеткілікті түрде таза су ішу маңызды. Таңертең бір стақан жылы су ішу зат алмасудың жылдамдауына ықпал етеді. Оған қоса, ол майларды жағу процесін іске қосады. Кез келген тамақ ішер алдында да шамалы уақыт бұрын аздап су ішіп алу ұсынылады. Ол артық тамақтанудан қорғайды және ағзада ылғал тепе-теңдігін сақтауға көмектеседі. Бірақ ертеңгісін ісініп кетпес үшін ұйықтарға бірнеше сағат қалғанда көп су ішуге болмайды.