Денсаулық жақсы болуы үшін толыққанды ұйқы қажет екені белгілі. Алайда жұмыс, оқу, достармен кездесу, сериал көру секілді әртүрлі себептерге байланысты ұйқыға түн ортасыда бір-ақ жатуға тура келеді. Бұл арықтауға да кері әсерін тигізеді.
Диетолог Наталия Самойленко жүргізген зерттеуі нәтижесінде дене салмағына тек тамақ қана емес, басқа да әсерін тигізетін факторлар бар екенін айтады. Ұйықтаған кезде ағза қарқынды түрде жаңарып, жасарады. Ұйқының уақыты мен сапасы көптеген гормондар мен нейромедиаторлардың жұмысына әсер етеді. Ал жеткіліксіз түрде ұйықтамасақ, күшіміз сарқылып, депрессияға беріліп, ұйқы баса береді, соның әсерінен салмақ та көбейеді. Басқаша айтар болсақ, ағзадағы кортизол, соматропин және лептин гормондарының қалыпты мөлшерде болмауынан артық килограмм қосыла береді.
2004 жылы АҚШ-та жүргізілген зерттеуге 1024 адам қатысқан. Нәтижесі 8 сағаттан аз ұйықтаған адамдардың салмағы көбеюі – ұйқысы азаюына пропорциялық көрсеткіште болған. 5 сағатқа жуық ұйықтаған адамдардың қан құрамындағы лептин гормонының мөлшері басқаларынан 15,5 пайызға аз болған. Сонымен қатар аз ұйықтаған адамдарда грелин (тәбетті ашатын) гормоны 14,9 пайызға көбейген.
Егер түнгі сағат екіге дейін сериал көретін әдетіңіз болса, ағзаңызда соматотропин (түнде салмақ тастауға жауап беретін) гормоны бөлінуі азаяды. Тіпті екі сағаттық ұйқыңыз кем болса да, қан құрамында кортизол гормоны көбейеді, демек стресске бейім боласыз. Гормондар тепе-теңдікте болуы үшін күніне 7-8 сағат ұйықтауды өзіңізге міндеттеңіз.