- Негізгі бет
- Сымбат
- Артық ақша жұмсамай-ақ...
Артық ақша жұмсамай-ақ әдемі болыңыз
Әрдайым әдемі болып жүруді бәріміз армандаймыз. Сұлулық салоны мен фитнес орталығы қомақты қаражатты талап етеді. Десе де артық ақша жұмсамай-ақ өз-өзіңе күтім көрсетудің жолдары жоқ емес.
Алдымен жарнамадан көрген кез келген косметиканы сатып алуға ұмтылмаңыз. Бәрін ақылға салған жөн. Үй жағдайында өз-өзіңізге күтім көрсету үшін сізге су, сүт, жұмыртқа, лимон, бал сияқты азық-түлік керек. Бұл азық-түлікті тамақ сатып алғанда бәрібір аласыз, оның үстіне бағалары да қымбат емес, сондықтан қалтаңызға көп салмақ салмайды. Ендеше үй жағдайындағы күтім жайын сөз етейік.
Шаш, бет күтімі
Шашқа міндетті түрде күтім жасау керек. Аптасына 1 рет үйден шашқа арналған маска жасап тұрыңыз. Шашты шайғанда суға бірнеше тамшы лимон шырынын сығып алып, қосуға болады. Бетке арналған түрлі масканы да аптасына 3 рет қосымша ештеңе сатып алмай жасауға болады. Азық-түліктен жасалатын бет маскаларын мына жерден таба аласыз.
Маникюр, педикюр
Маникюр мен педикюрді өзіңіз-ақ жасай аласыз. Ол үшін маникюр жинағы, бірнеше сапалы лак, лак кетіргіш сұйықтық керек. Ең ұтымды маникюр - тырнақты егеп, тазалап, оған түссіз лак жағып қою. Ешкім сізге "маникюріңіз жоқ" деп айта алмайды, оның үстіне саусағыңыз күтімді көрінеді. Әйелдің қолына қарап, өмір сүру салтын білуге болады. 2 ас қасық тұзды 1 литр суға езіп, оған түймедақ, жалбыз гүлдерін қосыңыз да, суға қолыңызды 15 минут бойы батырыңыз. Ал аяққа "тұз ваннасын" жасап тұрыңыз. Ол үшін легенге жылы су қойып, оған 1 ас қасық тұз қосасыз да, екі аяғыңызды сол суға 15 минут салып отырасыз. Бұл денсаулығыңызға өте пайдалы, аяқтың шаршағанын басады. Одан бөлек, табанды лимонның қабығымен сүртуге де болады. Лимон дәруменге өте бай.
Спорт
Арнайы залдарға бармай-ақ, үйден жаттығып, мүсінді мінсіз етіңіз. Көрпе астында жатып, екі аяғыңды созып, аяқ бақайын төсектің шетіне дейін жеткізіңіз. Қолыңызды басыңыздан асырып созып, керіліп, саусақты қатты жазыңыз. Қолыңызды саныңызға жеткізіп, созыңыз да, денені бос жіберіңіз. Керілу жаттығуын 3-4 рет қайталаңыз. Тағы бір жаттығу – басыңызды оңға, солға, төменге, жоғарыға бірнеше рет бұрыңыз. Қолға массаж, жаттығулар жасаңыз. Дене шынықтыру сабағынан үйренген жаттығуларды есіңізге түсіріп, қолды, иықты бірнеше рет ашып-жабыңыз. Үйде істеуге болатын басқа да жаттығуларды мына жерден оқыңыз.
Пайдалы кеңестер
Күніне бір ас қасық бал жеп тұрыңыз. Оны шаймен қосып жеуге болады. Күнде таңертең лимонның бір тілімін қайнаған суға қосып, ішіп алыңыз. Тамақтану алдында 1 стақан су ішу керек, ал егер қайнаған суға лимон қосып ішсеңіз, пайдасы екі есе болады. Ал ауыздың жағымсыз иісінен арылып, ауыз қуысын тазарту үшін 1 стақан қайнаған суға 1 ас қасық тұзды қосып, оны оң жақ ұртыңыздан сол жақ ұртыңызға жіберіп, ауызда 15 минуттай ұстаңыз.
Сурет: ekosmetyka.pl, animalworld.com.ua
М. Оңғарова