- Негізгі бет
- Сымбат
- Аралас типті бетке...
Аралас типті бетке күтім жасап үйренейік
Көп қыздардың бет терісі қалыпты емес, аралас типті болып келеді. Т пішінді зона тез майланып, жылтырайтын бетке қандай күтім жасау керек?
Бет терісінің типін анықтау
Егер маңдай мен мұрныңыз жылтырап, ал екі бетіңіз құрғақ болатын болса, теріңіз аралас болып саналады.
Неге дәл осы аумақ тез майланады? Себебі мұрын, маңдай мен иекте май бездері көбірек болғандықтан, тері тез әрі жиі майланады.
Үй жағдайында бетті қалай күтуге болады?
Түймедақ тұнбасы
Табаққа 1-2 литр қайнаған су құйып, 3 ас қасық түймедақтың құрғақ жапырағын салып, араластырамыз. Бетіңізді будың үстіне ұстап, сүлгімен басыңызды жабыңыз. Бұдан кейін қағаз майлықпен бетіңізді сүртіп шығыңыз. Бірнеше минуттан кейін бетті салқын сумен шайып, сүлгімен сүртіңіз. Егер бетіңіз құрғақтау болса айына 1 рет жасау жеткілікті. Егер бетіңіз майлы болса, екі аптада бір рет жасап тұру керек. Құрғақ бетті 3 минут, майлы бетті 8-10 минут бу үстінде ұстау керек.
Бал пилингі
Бал, зәйтүн майы мен жұмыртқаның сарысын бірдей мөлшерде араластырып, қоспа дайындаңыз. Таза бетке жағып, үстінен дымқыл, ыстық майлық жауып қойыңыз. Масканы 20 минуттай ұстай тұру керек. Жылып қалған майлықтарды ыстығына ауыстырып отырыңыз. Уақыт өткен соң ыстық сумен жуыныңыз.
Бал жоғары температураның әсерінен аллергия шақыруы мүмкін, абай болыңыз.
Жұмсақ пилинг
1 ас қасық қантты (өте ұсақ) 2 ас қасық қою кілегеймен араластырыңыз. Бетке уқалап жағып, 5 минуттан кейін жылы сумен, содан соң салқын сумен жуып тастаңыз.
Лосьон
Қияр, ұнтақталған сұлы қауызы, бал, өсімдік майы, алма шырыны, лимон, айран, минералды су қажет болады. Бір кеседе май мен сұлу қауызын қою болғанынша араластырамыз. Бөлек ыдыста 2 ас қасық шырын мен 1 шай қасық балды араластырыңыз. Алдымен лосьонмен бетті тазартып алу керек. Содан соң май мен сұлы қоспасын 2-5 минут бойы жағыңыз.
Бұдан кейін бал мен шырын қоспасын 5 минут бойы жағу керек. Қоспаны кетірмей тұрып, бетке айран мен бірнеше тамшы лимон қоспасын жағамыз. Маска кепкеннен кейін салқын сумен шайып, бетке минералды суды бүркеп себеміз.
Ф. Абилова