- Негізгі бет
- Сымбат
- Аралас тері күтімінің...
Аралас тері күтімінің 8 басты ережесі
Егер беттің ортаңғы бөлігі майланып жылтырап тұрса, ал шеттері құрғақтықпен қиналса, бұл аралас тері болып саналады. Терісі аралас типке жататын әйелдер құрғақ және майлы теріге арналған құралдар арасында тепе-теңдік сақтауға мәжбүр болады. Дұрыс таңдау жасауға көмектесетін ережелерді ұсынамыз.
1. Беттің әр бөлігіне әртүрлі күтім жасау
Кей жерін құрғататын, ал басқа жерді ылғалдандыратын бір әмбебап құрал табу мүмкін емес. Сондықтан Т-аймаққа безеумен күресетін қосымша әсері бар ең жеңіл ылғалдандырушы крем таңдаңыз. Ал беттің қалған жерлеріне терең ылғалдандыратын құрал қажет.
2. Жұмсақ тазарту
Бетке арналған жұмсақ тазартатын құралдар ғана қолданыңыз. Безеумен қиналатын адамдардың көпшілігі барынша белсенді тазартатын құрал таңдауға тырысады, алайда аралас тері жағдайында бұл қате таңдау. Күшті формулалар беттегі құрғақ теріні тітіркендіріп, біруақытта майлы Т-аймақтың көбірек мөлшерде май бөлуіне себепші болады. Сондықтан жұмсақ бет жуушы крем немесе гельге мән беріңіз. Ол макияж бен ластықты тиімді кетіруі және тері тартылып қалғандай сезім қалдырмайтын болуы керек.
3. Жылы сумен жуыну
Ыстық су терінің гидролипидті қабатын бұзады, соның нәтижесінде оның қорғанышы әлсірейді, тері қышиды немесе қабыршақтанады. Сондықтан бөлме температурасындағы сумен жуынып, содан соң ылғалдандырушы сарысу (сыворотка) жаққан жөн. Себебі ол кремге қарағанда беттің барлық бөлігіне келе береді.
4. Тоник қолдану
Майлы және құрғақ теріде pH-теңгерімі әртүрлі. Тепе-теңдікті сақтау үшін оларды теңестіру керек. Бұл мақсатқа жету жолындағы бір қадам — жуынған соң тоник қолдану. Бастысы, тониктің құрамында спирт жоқ екеніне көз жеткізіңіз.
5. Пилинг жасау
Аптасына бір рет жұмсақ пилинг жасаңыз. Теріні жақсы тазартып, ылғалдандырсаңыз да, өлі тері жасушаларын алып тастамасаңыз, тері шаршаңқы әрі күңгірт көрінеді.
6. SPF қолдану
SPF әсері бар құралды барлық тері типі қолдану қажет. Аралас тері типіне комедогенді емес күннен қорғайтын құрал қолдану ұсынылады.
7. Балшық маскалар қолдану
Балшық негізіндегі маскаларды ұмытпаңыз. Бірақ балшық теріні құрғататындықтан, мұндай балшық негізіндегі масканы тек Т-аймаққа жағып, беттің қалған жеріне ылғалдандырушы немесе қоректік маска жағу керек. Балшық негізіндегі маскалар Т-аймақтағы ұсақ тесіктерді тазартады, артық майды сіңіріп алады және тітіркенуді басады.
8. А дәруменін қосу
А дәрумені — бос радикалдармен және бактериялармен күресуге көмектесетін күшті антиоксидант. Сондықтан безеуге даму және сыртқа шығу қиынға соғады. Сондай-ақ А дәрумені жасушалардың жаңару процесін жылдамдатуға көмектеседі. Өлі тері жасушаларынан арылған соң жас жасушалар жоғарыға жылдам көтеріліп, тері сау әрі жарқын бола түседі. Сол үшін де күтім құралдарының заттаңбасында ретинол немесе третиноин (А дәруменінің түрлі формалары) секілді ингредиенттер болуын қадағалаңыз.