Кез келген әйел заты өзін күтуі керек, сондықтан назарларыңызға осыған қажетті кеңестерді ұсынамыз.
Әтірді де косметика секілді дұрыс қолдана білу керек. «Оның не қолдануы бар?» дейсіз бе? Бұған қатысты сізге бір емес, алты қағида ұсынамыз.
Бірінші қағида.
Әтірді тек таза денеге себу керек. Теріңіз тек таза күйінде иісті сіңіріп, аңқытып тұрады.
Екінші қағида.
Екі-үш тамшы әтірді тамыр көрінетін жерге тамызу немесе себу керек. Бұл жерлер жылы болатындықтан, иісті «аша» түседі. Білектеріңізге, иықтарыңызға, екі бұғанаңыздың ортасындағы шұқыршыққа, мойыныңыздағы ұйқы күре тамырына, самайларыңызға сеуіп қоюға болады. Құлағыңыздың артқы жағына сепсеңіз, иіс ұзағырақ сақталады. Әтірді теріңізге уқалап жақпаңыз.
Үшінші қағида.
Киіміңізге әтір сепкіңіз келсе, табиғи материалға (жүн, зығыр, мақта) жақсырақ сіңетінін ескеріңіз. Жүннен немесе аң терісінен жасалған киімге сепсеңіз, иіс жылдар бойы сақталуы мүмкін. Әтірдің ашық түсті киімдерде дақ қалдыруы мүмкін екенін ұмытпаңыз. Сондықтан, әтірді киімнің ішкі жағына себу керек.
Төртінші қағида.
Бір күнде бірнеше иісті пайдалануға болады. Мысалы, таңертен және күндіз иіс тым "ауыр" болмауы керек, керісінше, нәзік әрі жеңіл болғаны дұрыс. Көптеген әйел адамдар күніне екі түрлі әтірді пайдаланатындықтан, өндірушілер әтірдің тұрақтылығын 4-6 сағаттық етіп дайындайды екен. Негізінде, кешкі және классикалық иістер күндізгіден ұзақ сақталады. Иістің тұрақтылығына қарай бөлінетін 4 түр белгілі: әтір, парфюм, иіссу және одеколон.
Бесінші қағида.
Әтірді қараңғы жерде қаптамаға салып сақтау керек. Бұлай істесеңіз, әтіріңіздің жарамдылығы ұзақ болады.
Алтыншы қағида.
Әтір мен дезодорант иістері бір-бірінен қатты алшақ болмауы керек. Әлем брендтерінің көбісі бір серияда әтір, дезодорант, иіссу, кремдер мен тониктер шығарады. Егер ондай мүмкіндік болмаса, дезодорант иісі бәсеңдеу болғаны дұрыс.
Қорыта келгенде айтарымыз, әтірді көптеп сеппеңіз. Ең керемет, қымбат әтір болса да, мөлшерінен көп сепсеңіз, айналаңыздағыларға ұнамауы мүмкін.
Сурет: Yerlan Kidirov