Anti-age тамақтанудың 7 ережесі

Anti-age тамақтанудың 7 ережесі
Фото: Louis Hansel, Unsplash.com

Жаз — жаңа пайдалы әдеттерді қолға алуға арналған жақсы уақыт. Егер дұрыс тамақтануды, спортпен айналысуды және уақытында ұйықтауды бастамаған болсаңыз, көңіліңізді түсірмеңіз. Барлығын басынан бастау ешқашан кеш емес. Пайдалы әдеттердің бірі — дұрыс тамақтану. Ендеше, anti-age тамақтанудың ережелерін ұсынамыз.

1. Балғындық

Рационға жаңа піскен көкөністер, жемістер, жидектер және салат жапырақтарын молынан қосыңыз.

2. Табиғилық

Дүкенде сатылатын жартылай дайын өнімдерді алмаңыз. Олардың, әдетте, сапасы нашар және құрамында қанты көп болады. Бәрін барынша өзіңіз дайындауға тырысыңыз.

3. Пайдалылық

Рационнан 3 затты азайтыңыз: глютен, лактоза және тазартылған қант. Айнадан алғашқы жағымды өзгерістерді бір аптадан кейін байқайтын боласыз. Бірақ бұл жерде рационның бірыңғай болмауын қадағалаңыз. Керісінше, рационға жаңа өнімдер мен үйлесімдер қосыңыз. Сол кезде дүкеннің печеньелерін іздемейсіз.

4. Қарапайымдылық

Үйден оңай дайындалатын тамақтарға тоқталыңыз. Дүкендерді аралап, белгісіз ингредиентті іздеудің қажеті жоқ.

5. Дәм

Тамақты түрлі дәмдеуіштермен толықтырыңыз: кумин, куркума, мускат жаңғағы және даршын. Сондай-ақ дәмі қанық шөптерді қолданыңыз: жалбыз, орегано, базилик, гүлшетен.

6. Дайындама

Алдын ала сорпа қайнатып, қатырып қойыңыз. Тауықты маринадтап қойыңыз. Осы секілді басқа дайындамалар жасап қойыңыз. Кейін оларды түрлі тамаққа қолдануға болады. Әдетте, асыққанда сырттан фаст-фуд жей саламыз немесе дүкеннің жартылай дайын өнімін сатып әкеліп пісіреміз. Мұндай дайындамалар аз уақыттың ішінде барлық отбасы мүшелеріне жететін дәмді әрі пайдалы тамақ пісіруге көмектеседі.

7. Әртүрлілік

Әртүрлі өнімдер қаншалықты көп болса, рационыңыз соншалықты үйлесімді әрі дәмді болады. Әртүрлі өнімдерден тұратын рацион дәрумендер мен минералдарға бай болса, оның денсаулыққа пайдасы да артады. Әсіресе, жасұныққа толы өнімдерге мән беруді ұсынамыз. Оның түрлері апталық рационда 30-дан аз болмауы керек. Рационы осындай адамдар ұзағырақ өмір сүретіні және жұқпаларды азырақ жұқтыратыны ғылыми дәлелденген. Рационға үрмебұршақ, кускус, маш, бұршақ, нұт, жасымық қосыңыз.

А. Жапатова