Атақты әнші Ани Лорак ешқашан қатаң диетаға отырып, өзін қинаған емес. Өзінің сұлу сымбатын сақтау үшін бар болғаны дұрыс тамақтанады.
Ани Лорак тамақты бірнеше бөлікке бөліп ішуді ұсынады. Екі сағат сайын азғантайдан тамақтанып отырады. Жейтін тамағын үшке бөліп, бір бөлігін ғана жейді. Сахнаға шығардан бұрын оның сымбаты қазіргідей тартымды болмаған. Осы тамақтану тәртібін бұлжытпай сақтап, артық салмақтан арылды.
Әнші жаны қалаған, ағзасы сұраған нәрсенің барлығын жеді. Балмұздаққа да, тортқа да, шоколадқа да жоқ демеді. Бірақ тек әр азықты мөлшерлеп жеді. Жегісі келген тағамнан екі шай қасық ауыз тисе, соны қанағат тұтты.
Ани Лорак өмірге қыз әкелгеннен кейін сымбатына сызат түсті. Тыңдармандары да оны бұрынғыдай жылы қабылдамайтынды шығарды. Осыны уайымдаған ару ана күніне екі сағатын жаттығу залына арнап, небары екі ай ішінде бұрынғы сымбатын қайтарды.
Оның диетасы бірнеше ережеден тұрады:
Бөлшектік тәртіппен тамақтану. Бір отырғанда алақаннан асатын мөлшерден көп жемеу.
Екі сағат сайын тамақтану. Сағат 19:00-ден кейін тамақ жемеу.
Шай, кофе, газдалған сусыннан бас тартып, күніне екі литр қарапайым су ішу.
Ұннан жасалған және кондитерлік өнімдер жеуге болады, тек тым-тым аз мөлшерде ғана (екі шай қасық).
Спортзалға бару керек. Әр таң сайын дене көтеру, отырып-тұру, шпагат, оңға-солға иілу жаттығуларын үзбей жасап, душ қабылдау.
Аталған қағидаларды ұстансаңыз, сіз де көздеген мақсатыңызға жетіп, Ани Лорак сияқты сымбатты болып шыға келесіз. Бастысы, нені қанша мөлшерде жегеніңізді қадағалап отырсаңыз болды.