"Ақтау Аруы - 2021" анықталды

"Ақтау Аруы - 2021" анықталды
Фото: tengrinews.kz

"Ақтау Аруы - 2021" атағын 20 жастағы Сымбат Абылаева иеленді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.

Ол М.С. Нәрікбаев атындағы Қазақ гуманитарлық-заң университетінде заңтану мамандығы бойынша білім алады.

                           

"Сұлулық әлемді құтқарады" дегенге сенемін, жақсылық жасап, қайырымдылықпен айналысқым, өзімнен кішілерге ғана емес, бәріне үлгі болғым келеді", - деді ол.

                           

Сымбат ән айтқанды ұнатады. Төрт жыл мектепте волейболмен айналысып, 2017 жылы жарыста 2-орын алған. Қазақ, орыс және ағылшын тілдерін меңгерген.

                           

Отбасында бес бала бар, Сымбат - балалардың үлкені. Ата-анасы бизнеспен айналысады.

                           

Алғаш рет өңірдегі байқаулар онлайн түрде өтіп жатыр. Жұлдызды қазылар алқасы 10 финалистің сауалнамасын қарап, фотосуреттері мен визиткаларын көрді, ZOOM-конференцияда қыздармен сұхбат өткізді. Алғаш рет көрермендер қазылар алқасының отырысын және қатысушылардың сұхбатын көруге мүмкіндік алды.

                           

Қазылар алқасында актер Тәуекел Мүсілім, әнші Мәдина Сәдуақасова, "Қазақстан Аруы - 2013" иегері, тележүргізуші Айдай Исаева, KFW негізін қалаушы, дизайнер, стилист AlexChzhen бар.

Бұған дейін Әйгерім Сухинова "Атырау Аруы" атанса, "Түркістан Аруы" 18 жастағы Сұлтанбибі Шахапова, "Ақтөбе Аруы" - Назерке Карманова, "Павлодар Аруы" - Айдана Жұмабекова, "Орал Аруы" - Екатерина Кужекешова, "Алматы Аруы" - Азиза Тоқашева, "Қарағанды Аруы" - Анна Глубоковская, "Астана Аруы" - Айдана Ахантаева, "Тараз Аруы" - Индира Маханова, "Өскемен Аруы" Алина Егорова болған еді.

Дереккөз: kaz.tengrinews.kz

А. Жапатова