- Негізгі бет
- Сымбат
- Әжіммен күресуде ботоксті...
Әжіммен күресуде ботоксті немен алмастыруға болады?
Әр әйел қай жаста болмасын тартымды көрінгісі келеді және айнаға қараған кезде өз-өзіне ұнағысы келеді. Бірақ 25 жаста да, 50 жаста да кездесетін бір проблема бар: ол — әжім. Тіпті, ұсақ әжімнің өзі жас қосып көрсетеді, сондықтан кез келген әйел олардан арылғысы келеді. Бұл кезде көпшіліктің ойына ботокс келеді. Бірақ , әдетте, әйелдер ол туралы жағымсыз пікірде. Сондықтан оған балама процедураларды ұсынамыз.
Неліктен көпшілік ботокстан қорқады?
Ботулотоксин Clostridium botulinum деп аталатын бактериялардан өңделеді және күшті у саналады. Ал ботокс — осы уыттың негізінде жасалған препарат. Өз кемшіліктері бар болса да, бұл әжіммен күресудегі тиімді әдіс болып келеді. Препарат бұлшықеттерге енгізіледі, нәтижесінде, онда жүйке жүйесінен келетін импульстерге сезімталдық бұғатталады. Нәтижесінде тері тегіс бола түседі және әжім кетеді.
Ботокстің кемшіліктері:
- Процедурадан соң мимика шектеледі. Ол толықтай жоғалмайды, бірақ эмоцияны бұрынғыша көрсете алмайсыз;
- Бет бұлшықеттерінің қозғалғыштығы мен симметриясының бұзылу қаупі бар;
- Кей адамдар ботулотоксинді көтере алмайды.
Егер «сұлулық екпесі» сізге арналмаған болса, басқа тимді әдістерді ұсынамыз.
Бет массажы. Бұл ең «жұмсақ» әдіс, бірақ ол жүйелілікті және маман сауаттылығын қажет етеді. Әрине, бет массажын үйде де жасауға болады. Бірақ маман жұмысы тиімдірек болады. Массаждан соң беттің ісінуі азаяды және қанайналым жақсарады. Нәтижесінде, шаршаңқылық басылады, бет түсі сау, ал әжім аз бола түседі.
Плазмолифтинг. Адамның көктамырынан қан алады да, плазманы қан түйіршіктерінен (эритроциттер мен лейкоциттер) бөледі. Ары қарай осы плазманы препарат ретінде пайдаланады, себебі оның ішінде тромбоциттер қалады. Ал ол тіндердегі зат алмасуды жақсартады. Тромбоциттер жасушалардың жылдам көбеюіне ықпал ететін зат бөледі. Плазмолифтинг тері тонусы мен түсін жақсартуға, безеу мен әжімнен арылуға көмектеседі.
SMAS-лифтинг (HIFU). Бұл әдісте барлық тері қабатына әсер ететін ультрадыбыс қолданылады. Яғни, нәтижесінде беткі қабат қана емес, терең жатқан қабаттар да тартылады. Бұл процедура тек бір рет жасалады. Тері тұтастығы бұзылмайды. Процедура кезінде ауырсынуды басатын құралдар қолданылмайды және одан кейін бірден үйге бара беруге болады. Бірақ нәтиже бірден білінбейді. Бір айдан соң өзгерістер байқайсыз, ал максималды әсер 6 айдан кейін байқалады.
Филлер. Бұл әжімді толықтырғыштар. Олар импульстердің бет бұлшықеттеріне өтуін бұғаттамайды. Олар механикалық түрде тері қыртыстарын толтырады, нәтижесінде ол тегіс бола түседі. Бұл әдістің әсері 1-2 жылға жетеді, ал одан кейін әжім бұрынғы қалпына түседі. Бірақ процедураны қайталауға болады.
Химиялық пилинг. Бұл әдіс терең әжімнен арылуға көмектеспейді және жасы ұлғайған кісілерге тиімді емес. Бірақ 35 жасқа дейін пайда болған ұсақ әжімді кетіруге келеді. Пилингтер терінің мүйізді қабатын алып тастауға көмектеседі. Олардың құрамында, әдетте, жеміс қышқылдары болады.
Ескерту: Кез келген процедураны жасамас бұрын маманмен ақылдасып, мүмкін қосымша әсерлерді талқылау қажет.
Ал егер ерте қартайғыңыз келмесе, мына әдеттерден аулақ болыңыз.
А. Жапатова