Ағзаны бір күн ішінде тазарту жолы

Ағзаны бір күн ішінде тазарту жолы
Фото: Андрей Пачевский

Көп адам бір күндік ашығуды таңғажайып оқиға деп біледі. Оның денсаулыққа өте қауіпті екенін айтады. Алайда барлығы керісінше: ашығудың арқасында иммунитетіміз күшейіп, асқазанымыздың көлемі кішірейіп, ағзамыз жасарады. Кез келген маңызды істегідей мұнда да дайындық керек. Кезекті материалымызда бір күн ішінде ағзаны қалай тазартуға болатындығы туралы жазатын боламыз.

Дайындық

Кез келген маңызды іс дайындықтан басталады. Егер мұны бірінші рет жасайтын болсаңыз, ең бастысы – ниет екенін ұмытпаңыз. Бір апта бойы ойша дайындалып жүріңіз. Бұл күні сізге ешнәрсе кедергі жасамайтындай барлығын алдын ала ойластырып қойыңыз.

Тамақ ішіп отырған кезде, оның мөлшерін азайтуға тырысыңыз. Тамақты тұзсыз ішуге дағдыланыңыз. Алдағы 24 сағатта тамақ ішпейтіндіктен, бос уақытыңыз көп болады. Таза ауаға шығып серуендеп, орманда қыдырып қайтуға мүмкіндік туады.

Ашығу

Аштықтың алғашқы күнін жұмыс күніне сәйкестендірудің қажеті жоқ. Әйтпесе, басыңыз ауырып, өзіңізді әлсіз сезініп, аузыңыздан жағымсыз иіс шығуы мүмкін.

Бұл күні қара суды көбірек ішуге тырысыңыз. Оның ешбір қоспасыз болғаны жөн. Қатты қиналсаңыз, бал қосуыңызға болады. Қарапайым жаттығулар орындаңыз. Ең бастысы, артық кетпеңіз.

Оразаңызды кешкі мезгілде ашыңыз. Душқа түсіп, кешкі асыңызды ішіңіз. Есіңізде болсын: кешкі ас қарапайым болуы тиіс – салат пен шәй. Шыдай алатыныңызды сезсеңіз, тамақты таңертең бірақ жеуіңізге болады. Осылайша 36 сағат бойы тамақ ішпей жүресіз.

Ашығудан кейінгі күн

Келесі күні де көп тамақ ішпеуге тырысыңыз. Егер ертесі күні де шыдай алатыныңызды сезсеңіз, тамақты кешкі мезгілде бірақ ішіңіз.

Тамақ ішетін уақыт

Ең бірінші ет, ірімшік, балық сынды тағамдарды жеуге болмайды. Мұнымен қатар, шекілдеуік, жаңғақ сынды тағамдарды да тұтынудың қажеті жоқ. Екі күн қышқыл тағамдардан бас тартыңыз. Пісірілген көкөніс, сәбіз бен орамжапырақтан жасалған салат сынды ішекті тазалайтын тағамдарды жеңіз. Таза суды көбірек ішіңіз.

Қорытынды

Осы рәсімді апта сайын қайталау арқылы денсаулығыңызды жақсартып, қоршаған ортаға деген көзқарастарыңызды өзгертесіздер. Бір реттен кейін айтарлықтай нәтиже болмайтынын да біліңіз.

Қ. Бүйенбай