Әдемі жүру мәнері

Әдемі жүру мәнері

Әдемі жүру мәнері - нағыз арудың белгілерінің бірі. Cіз жайлы ой тек киіміңіз бен мінезіңізге ғана емес, жүрісіңіз бен өзіңізді ұстау мәнеріңізге байланысты қалыптасады. Әдемі жүрістің басты ережелерімен таныс болып, оларды естен шығармай жүріңіз.

Арқа. Арқаңыз әр кез түзу болуы тиіс. Күніңіз ауыр, жұмысыңыз көп болып шаршасаңыз да, арқаңызды түзу ұстаңыз. Үстіңізге қандай әсем көйлек кисеңіз де, арқаңыз бүгілсе, келбетіңіз сұлу болмайды. Арқаны былай жаттықтыруға болады: Күніне 10-15 рет түзу дуалға арқамен тұрыңыз. Арқаңыз бен басыңызды түзу ұстап, осылайша 10-15 секундқа қатып қалыңыз. Кейін алдыға бір қадам жасап, арқаңызды сол қалыпта, түзу ұстауға тырысыңыз. 

Бас. Бас көтеріңкі болып тұруы керек. Төмен түсірілген бас пен астыға қараған көздер сізді мұңайған, шаршаған адам етіп көрсетеді. Басты дұрыс ұстаймын десеңіз, мына жаттығуды қайталаңыз. Бөлмеңізде бірнеше минут басыңызға ауыр кітап салып жүріңіз. Басыңыз бен арқаңызды түзу ұстаңыз. Бұл жаттығу сонымен қатар баяу, байыппен қимылдауға үйретеді.

Қадам. Қадамыңыздың ұзындығы орташа болу керек. Тым ұзын қадам сізді дөрекі, ал қысқа қадамдар сізді күлкілі етіп көрсетеді. Тез жүрудің де қажеті жоқ. Бұл сізді ылғи бір жерге асығатын, істерін тындыруға үлгермейтін адам қылып көрсетеді.

Қол. Жүргенде қолын жіберетін жер таппай, оны қалтаға салып, қолмен артық қимыл жасамаңыз. Жүргенде қолды жүрістің ырғағына сай сәл теңселтсе болады. Алайда қолыңызды сілкіп кетпегеніңізге көз жеткізіңіз.

Осы қарапайым ережелерді сақтасаңыз, жүрісі сымбатты, өзіне сенімді,  жұмбақ ару боласыз. Алайда ең бастысы өзіңізге, сұлулығыңызға деген сенімділік, өзіңізді сүйе білу, өзіңізге дұрыс баға беріп, аяғыңызды нық басу.

Дайындаған: Сания Аринова

Сурет:vplenukrasoti.ru

С. А