- Негізгі бет
- Сымбат
- Адамды бағалау үшін...
Адамды бағалау үшін 7 секунд жеткілікті
"Жүз жерден ақылды болып, әдебиеттің немесе өзге де саланың қыр-сырын меңгерген мықты маман болсақ та, жұрт бірінші кезекте сыртқы келбетімізге қарап баға береді. Мүмкін бұл 3 пен 7 секундтың арасында жүзеге асатын шығар. Алайда міндетті түрде осылай болады". Шанель ханымның осы сөздерімен келісесіз бе?
Әрбір әйел атаулысы өзіне барынша лайық образ таңдауы тиіс. «Киіміңе қарап қарсы алып, ақылыңа қарап шығарып салады» деп бекер айтпаса керек. Ал 7 секунд ішінде ақылымызды көрсете алмаймыз, сондықтан сыртқы келбетімізді ретке келтіргеніміз жөн. Киімге сәйкес адамның жүрісі, мінез болмысы өзгереді.
Байқасаңыздар үнемі шалбар киіп жүретін қыздар мен белдемше киетін қыздардың жүру мәнерлері әртүрлі. Мұнымен қатар өкшенің биік болуының да маңызы бар. Қыз баласы өкшелі аяқ киім киген кезде бойын тік ұстап жүруге тырысады. Осы секілді киімді сымбатыңызға үйлестіріп киюдің өзі өнер.
Шанель бірде: «Көйлек киген әйелге қараңыздаршы. Әйел жоқ болса, көйлек те болмайды», - деген екен. Расымен де киімнің жарасуы адамның талғамымен байланысты.
Сіз өзіңізді қалай бағалайсыз? Сұлусыз ба әлде ұсқынсызсыз ба? Келбетіңіз ұнамаса, көздің жауын алатын гауһар тастардың өзі арнайы өңдеуден өтетінін еске алыңыз. Ал сіздің жарқылыңыз киім болуы тиіс. Сымбатыңыздағы кемшіліктеріңізді жасырмай, керісінше киімнің көмегімен оларды артықшылығыңызға айналдырып көріңіз.
«Мен үшін әдепсіздік – ой мен адам тәнінің тым ашық көрінуі».
Джорджи Армани
Сұлу киімге деген құштарлық әйел затына тән. Оны ер адамдар түсіне бермейді. Ал өзіңізді жақсы көріп немесе күтіне білмесеңіз сіз ешкімге де керек емессіз. Мүмкін өміріңізді жаман күндер болып жатқан шығар. Әдетте үй шаруасымен айналысып, баламен отыратын әйелдердің өзіне қарауға уақыты болмайды.
Осы секілді кедергілермен қатар өзімізді дұрыс бағаламауымыз тағы бар. Айнаға қарап тұрып «Шашымның түсі онша емес», «Аяқтарым қисық», «Мұрным үлкен» сынды кемсітулерді 10 рет айтсаңыз, ол санаңызға сіңіп, тұрақтап қалады. Бұдан өзге теледидардағы бағдарламаларды көріп мінсіздікке ұмтыламын деп денсаулығыңызға кедергі келтіруіңіз мүмкін. Анорексия, анемия сынды ауруларға тап боласыз.
Сондықтан да өзіңізге шынайы баға беріңіз. Кемшіліктеріңіз бен артықшылықтарыңызды дұрыс қабылдаңыз. Сымбатыңызға лайық стиль қалыптастырып, тұлға болуға ұмтылыңыз.
Сонымен адам жайында ой қалыптастыру үшін алғашқы 7 секундтың жеткілікті екенін түсініңіз. Аузыңызды ашып үлгермесеңіз де, үстіңіздегі киімдер сіз үшін сөйлейді.
Ал сіз ше? Адамдарды қалай бағалайсыз?
Дайындаған: Қарлыға Бүйенбай
Сурет: вк желісінен
Қ. Бүйенбай