Күн сәулесінің (ультракүлгін) пайдасы мен зияны жайлы жиі естіп жүрген боларсыз?! Тері саулығын, сұлулығын және жастығын сақтау үшін күннен қорғайтын құралдардың қаншалықты маңызды екенін де білесіз. Десе де, ультракүлгіннен қорғайтын индексі (SPF) бар құралдарды қолдануға қатысты аңыздар бар.
1-аңыз: SPF-құралдарды тек жазда қолдану керек
Ультракүлгін сәуленің біраз мөлшері бұлттардан өтіп кетеді. Сондықтан жыл мезгіліне қарамастан күннен қорғайтын кремді күнде далаға шығарда жағуды әдетке айналдыру керек.
Сондай-ақ көпшілік адам далаға бұлтты күні шықса немесе көлеңкеде тұрса, күннен қорғайтын крем қажет емес деп санайды. Алайда, бұл қате пікір. 95% ультракүлгіннен тұратын UVA-сәулелер Жер бетіне бұлтты күндері де жетеді. Сәуленің дәл осы түрі терінің ерте қартаюы мен ісікті шақырады. Сондықтан далада күн шақырайып тұрмаса да, күннен қорғайтын крем жағып шығыңыз.
2-аңыз: Қараторы теріге SPF-құрал керек емес
Терісі қараторы кей адамдар оларға күннен қорғайтын крем керек емес деп санайды. Бірақ мұндай тері де ультракүлгіннен болатын зақымдарға сезімтал келеді. Иә, салыстырмалы түрде ол ақшыл теріге қарағанда күн сәулесінен табиғи SPF-пен қорғалған. Бірақ ультракүлгін әсерінен қараторы теріге де әжімдер пайда болуы және салбырап кету қаупі бар. Сондықтан мұндай теріні де қорғау маңызды.
3-аңыз: Кез келген күннен қорғайтын құрал тиімді
Дерматологтар UVB-сәулелерден қорғану үшін SPF (30 немесе одан да жоғары) деңгейі жоғары құралдарды таңдауды ұсынады. Сондай-ақ құрал сыртында UVA дөңгелек түріндегі немесе UVA-сәулелерден қорғауды білдіретін жұлдыздардың суреті бар логотип болуы керек.
4-аңыз: Күннен қорғайтын құралды күніне бір рет мол етіп жағу жеткілікті
Өндіруші қандай уәде берсе де, жүзу, терлеу, уқалау немесе сүлгімен сүртіну кезінде күннен қорғайтын крем денеден кетіп қалады. Негізі оны физикалық белсенділіктен кейін және әр 2 сағат сайын қайталап жағу керек. Оны қаншалықты мол жағылғаны емес, қаншалықты жиі әрі біркелкі жағылғаны маңызды рөл ойнайды.
5-аңыз: Максималды SPF күн сәулесін толықтай бұғаттайды
Күннен қорғайтын фактордың болмауы мен SPF15-тің арасында үлкен айырмашылық бар. Бірақ SPF30 SPF15-ке қарағанда теріні 2 есе қорғаумен қамтамасыз етпейді. SPF15 UVB-сәулелерді шамамен 93 пайызға, SPF30 — 97 пайызға, SPF50 — 98 пайызға бұғаттайды. Бірақ күннен қорғайтын ешбір құрал 100 пайыздық қорғанышпен қамтамасыз ете алмайды.