Күннен қорғайтын иісмай, лосьондардың сыртында бізге түсініксіз SPF деген үш әріп жазулы тұрады. Ол не? Және оның саны қандай болуы керек?
SPF – ағылшынның Sun Protection Factor (күн қорғанысының факторы) тіркесінің аббревиатурасы. Бұл фильтр теріңізді күн сәулесінің зиянды әсерінен қорғап, қанша уақыт күн астында жүруге болатынын анықтауға көмектеседі.
SPF фильтрінің саны 15 болса, демек күн астында ең кемі 105 минут жүруіңізге болады.
Ультрафиолет сәулелерінің спектрі шартты түрде үшке бөлінеді: УФА, УФВ, УФС. С ультрафиолеті озон қабатында еріп кетсе, А және В ультрафиолеттері жасуша мембраналарын бұзып, теріге әсер етеді. Нәтижесінде тері қатайып, құрғап, қартаяды.
УВФ-ның кішігірім мөлшері теріні қарайтатын болса, көп мөлшерде күйдіріп жібереді. УФА бірден көзге түспейтін әсер берсе де, терінің ішіне еніп, біраз уақыттан кейін дақтар мен секпілдің пайда болуына әсер етеді. Салдарында тері қатайып, құрғап, қартая бастайды.
SPF фильтрі неғұрлым жоғары болса, соғұрлым жақсы. Адамның терісі күн астында 10 минут жүргеннің өзінде қызарып бастайды. Сол себепті жағажайға бармасаңыз да, жазда бір жерге шығудың алдында SPF фильтрі бар иісмай жаққаныңыз абзал.
SPF санының көлемі қалай бөлінеді?
1. Аз мөлшердегі қорғаныс – 2-5 SPF;
2. Орташа мөлшердегі қорғаныс – 6-11 SPF;
3. Жоғары мөлшердегі қорғаныс – 12-19 SPF;
4. Өте жоғары мөлшердегі қорғаныс – 20-дан жоғары SPF.
УФ сәулесінің негативті әсерінен қорғану үшін күннен қорғайтын ультрафиолет фильтрі бар иісмайларды пайдалану керек. Олар физикалық және химиялық болып екіге бөлінеді.
Физикалық УФ-фильтрі
Физикалық ультрафиолет фильтрі деп күн сәулесін шағылыстыратын минералды микробөлшектерді айтамыз. Мырыш оксиді, титан диоксиді секілді минералды пигменттер теріні жақсы қорғайды. Сол себепті мұндай фильтрді балаларға алып, жаққан жөн.
Алайда физикалық фильтр суға төзімсіз болғандықтан, бір-екі рет шомылғаннан кейін жуылып кетеді. Сонымен қатар SPF фильтрі 20-дан кем болады.
Химиялық УФ-фильтрі
Химикалық (органикалық) фильтр күн сәулесін өзіне сіңіріп, денеге өткізбейді. Бұл фильтрдің саны 25 бірліктен жоғары болғандықтан, күннен жақсы қорғайды. Әрі суға да төзімді. Алайда терісі сезімтал адамдардың денесін қоздырып жіберуі мүмкін.
Органикалық УФ-фильтрін жаққан соң 30 минуттан кейін ғана күн астына шығуға болады.
SPF фильтрді қалай таңдау керек?
Егер қалаға серуендеуге шығатын болсаңыз, 15-20 бірлікті SPF фильтрін таңдауға болады. Ал егер тауға шығып, саяжайға баруды шешсеңіз, SPF фильтрі 20 бірліктен төмен болмауы керек. Жағажай, демалысқа баратын болсаңыз, 25-50 бірлікті SPF фильтрі қажет болады.
Иісмайды әр шыққан сайын ерінбей жағып жүріңіз. Бұл қарайып кетпеудің амалы ғана емес, денсаулықты сақтаудың да әрекеті. Іске сәт!