BB-крем не реңк беруші крем: Қайсысын таңдаймын?

Макияжды қолданатын қыздар терінің бірқалыпты түсті болуы маңызды екенін біледі. Терідегі түрлі дақтар мен безеулер жақсы макияжға кедергі болып, боялған көздеріңіз бен ерніңіз бейнеңізді өзгерте алмайды.

Теріміздің түсін реттеу үшін косметолог мамандар талай құрал ойлап тапқан. Реңк беруші құралдар арасында реңк беруші крем мен опалар үлкен танымалдылыққа ие. Бұл саладағы соңғы жаңалықтар арасында ВВ және СС кремдері бар. Кей жағдайда жаңа құралдар пайдалы болса, басқа кездері үйреншікті реңк беруші крем таптырмас құрал болады. Қай жағдайда қандай құралды қолдану керек?

ВВ-кремді нағыз косметикалық технологиялардың сыйы деп білеміз. Оның құрамында күнделікті қолданатын ылғалдандырушы крем мен реңк беруші кремнің қасиеттері бар. Бірақ ол барлық аруға бірдей жаға бермейді екен.

Терісінде айтарлықтай байқалатын кемшіліктері жоқ қыздар ВВ-кремін қорықпастан таңдасын. Ол теріңіздің табиғи түсіне сай келіп, табиғи жылтыр береді. Оның көп функционалды формуласы таңнан кешке дейін жұмыс істейді, теріңізді ылғалдандырып, бірқалыпты реңк береді.

Теріңіз тым майлы болып, бетінде безеу мен ұшықтар көп болса, реңк беруші кремді таңдағаныңыз жөн. Оның қою құрылымы безеулерді, терінің майлылығын жақсы жасырады. ВВ-крем майлы тері үшін тым ылғалдандырғыш болады, жылтырап көрінеді. Әрине реңк беруші кремдердің арасында жеңіл текстуралы, қою емес түрін таңдағаныңыз дұрыс. Майлы теріні бір уақытта құрғатып, сонымен қатар ылғалдандыра алатын реңк беруші кремді іздеңіз. 

ВВ-кремін реңк беруші креммен қатар да қолдануға әбден болады. ВВ-кремді ылғалдандырғыш кремнің орнына жағып, үстінен қажет жерлерде реңк беруші крем тамызсаңыз болады. Терісі майлы арулар осылай жасағандары дұрыс. Сонда реңк беруші кремді азырақ қолданып-ақ терінің түсін реттей аласыз.

Терілері құрғақ қыздарға реңк беруші кремге қарағанда ВВ-крем көбірек жағады. Ол сіздің құрғақ теріңізді жақсы ылғалдандырып, жұмсартады. Ал реңк беруші крем құрғақ теріні одан әрі құрғатып, жансыз көрсетеді. Сізге құрамында глицерин көбірек және этил спирті мүлде жоқ ВВ-крем табу керек. Глицерин теріні жұмсартады, ал этил спирті онсыз да құрғақ теріні қоздыруы мүмкін.

Терісі аса сезімтал арулар дәстүрлі реңк беруші кремін таңдасын. ВВ-крем құрамына көптеген ерекше компонент кіреді, олар сезімтал теріңізде аллергия қоздыруы мүмкін.

Ал сіз қайсысын қолданасыз?

Дайындаған: Сания Аринова

Сурет: herwish.ru, starhit.ru